Тұрғындар табысының азаюына жол бермеу керек – президент

20 марта 2021 Тұрғындар табысының азаюына жол бермеу керек – президент

Мемлекет басшысының қатысуымен Алматы қаласын одан әрі дамыту мәселелері жөніндегі кеңес өтті. Жиында әлеуметтік салаға ерекше назар аударылды

 Президент пандемия кезінде халықты жұмыспен қамту мәселесінің өзектілігі арта түскенін мәлімдеді.

"Қазіргі күрделі кезеңдегі біздің басты міндетіміз – жұмыссыздықтың күрт көбеюіне, жұмыс орындарының жаппай қысқаруына және тұрғындар табысының азаюына жол бермеу. Сонымен бірге іскерлік белсенділікті сақтау үшін бизнесті ынталандыру өте маңызды", – деді мемлекет басшысы Алматы қаласын одан әрі дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте.

Президент әлеуметтік салаға назар аударды. Ерекше күтімге мұқтаж жандарды қолдаудың және оларға барынша қолайлы орта қалыптастырудың маңыздылығын жеткізді. 

Мемлекет басшысы бұл бағытта Алматы қаласының әкімдігі мен жауапты құрылымдар өз жұмысын тиімді атқармай отырғанын тілге тиек етті. Қала әкімдігіне мұқтаж жандарды оңалту жабдықтарымен қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеуді, сондай-ақ, әлеуметтік және басқа да нысандарды тиісті стандартқа сәйкестендіруді тапсырды. 

Тоқаев әкімдікке мектептегі, балабақшадағы орын тапшылығын кезең-кезеңімен азайтудың жоспарын жасау туралы тапсырма берді. Бұл жобаларды іске асыруда мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану қажеттігін еске салды.

"Былтыр екі-ақ жаңа мектеп бой көтерді. Бес мектептің жанынан қосымша ғимарат салынды. Орын саны бар-жоғы төрт мыңға көбейді. Сонымен бірге небәрі 670 орындық төрт балабақша ашылды", – деді мемлекет басшысы.

Екі миллион тұрғыны бар қала үшін мұның қай-қайсысы да жеткіліксіз, деп түйіндеді сөзін президент.