Қазіргі кезде науқастың жағдайы тұрақты. Ал туыстары ауылдағы ақ халаттылар жұмысына жауаппен қараса, қолын аман алып қалуға болар еді дейді
Қарағанды облысында ауыл тұрғыны дәрігерлердің жайбасарлығынан қолынан айрылды. Жарық кентінде итке таланған әйел жедел жәрдемді бір жарым сағат күткен, деп хабарлайды КТК арнасы.
Дәрігерлер жанармай жоқ деген сылтаумен уақыт созыпты. Ақыры жедел жәрдем көлігін ауылда қуып жүріп тоқтатқанымен, одан қайыр болмаған.
Қансыраған келіншекті туыстары аудан орталығына өздері жеткізгенімен, жасушалары жансызданған қолды кесуге тура келген. Ал науқастың өзі және туыстарының айтқанын дәрігерлер жоққа шығарып отыр.
Айғаным Даткинаны шынжырдан босап кеткен өз иті талап жатқанда көмекке көршісі Берікбол келген. Әйелдің қолын тістеп жағы қарысқан ит сәл болмаса кеңірдектен алар еді дейді. Аттандап келіп қолына түскен темірмен соққанда, ит тұра қашқан.
Тапа-тал түсте азан-қазан болғандар Айғанымды үйге кіргізгенімен, қанды тоқтата алмапты. Ал жедел жәрдем шақыртқанымен, сол күйі келмеген. Жанұшырғандар ауылдағы емханаға барса, есігі жабық болған. Ал бас дәрігерге қоңырау шалғанмен "Ақордада танысым бар" деп мұрнын шүйірген басшысының қонақтан қолы босамаған.
"Бастығы Байғалиева Жұлдыз Шабдановнаға хабарласса, ол кісі қонақта отырмын деген көрінеді. "Мен Қошанов тұрғанда қорықпаймын, сендер не істей аласыңдар?" дейді. Жедел жәрдем ештеңе дайын емес. Жасушасын сақтап қалатын, мұздататын дәрі, препараттар болу керек қой. Қанды тоқтататын екпе де болуы тиіс. Оның ештеңесі дер кезінде жасалмаған", – дейді науқастың сіңілісі Баян Мәмитова.
Туғандар Айғанымды көлікке салып, жедел жәрдемді ауыл ішіндегі бір қиылыста қуып жетіп ұстаған. Алайда ішіндегі екі фельдшер науқасқа ине сала алмаған. Сөйтіп, оны қансырап жатқан Айғанымға науқастың өз келіні Ұлбазар еккен.
Көмек күтумен екі-үш сағат уақыт жоғалтып жеткен аудандық ауруханадағылар қолды аман алып қала алмаған.
"Аудан орталығына келгеннен кейін науқасқа диагноз қойылып, ота жасау қажет болды. Бірақ туыстары аудан ауруханасының жағдайында ота жасаудан бас тартқан соң, науқасты хурург, анестезиолог дәрігерлермен бірге Қарағанды қаласына жеткізу туралы шешім қабылданды. Сол күні науқасқа ота жасалды, қазір науқастың жағдайы тұрақты", – дейді облыстық денсаулық басқармасына қарасты ахуал орталығының қызметкері Дулат Жанабек.
Қазір Айғанымның қолы иығынан шорт кесілгені болмаса, жағдайы тұрақты. Туыстары ауылдағы ақ халаттылар жұмысына жауаппен қараса, қолын аман алып қалуға болар еді дейді.
Оқи отырыңыз: "Бір атқанда өлмеді": Таразда әпкесіне қонаққа келген әйел қапыда қаза болды
Ал дәрігерлердің айтуынша, жедел жәрдем науқастың үйіне жарты сағатта келген. Бірақ науқасты жіберуден өздері бас тартыпты-мыс. Тіпті, өзімізді тілдеді деп, дәрігерлер полицияға арыз түсіріп үлгеріпті.
Ендігі жерде оқиғаның бүге-шүгесін облыстағы денсаулық сақтау басқармасы жасақтаған арнайы комиссия мен тәртіп сақшылары анықтауы тиіс.
Ауылдағы амбулаторияның бас дәрігеріне елдің өкпесі қара қазандай. Балтыры сыздағандар былай тұрсын, жүкті әйел жолда босанып жатса да міз бақпайтын көрінеді. Сондықтан тағайындалған тексеріс бас дәрігердің "тірегіне" қарамастан, ауылдағы ахуалды жақсарта ма деп үміттенеді.