Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Ұсталғандардың мүлкі тәркіленіп, өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Қазақстан ҰҚК жедел уәкілдері синтетикалық есірткілерді өндіру және таратумен айналысатын трансұлттық топты жою бойынша ауқымды арнайы операцияны аяқтады. Операция алты айдан астам уақытқа созылды, нәтижесінде сегіз жасырын есірткі зертханасы жабылды.
2020 жылдың сәуір-қазан аралығында комитет қызметкерлері күдіктілерді зерттеді. Топ мүшелері синтетикалық есірткіні шетелден жеткізіп қана қоймай, бірнеше өндірісті жолға қойғаны анықталды. Қылмыстық өнімді сату "Борат 24" интернет-дүкені арқылы жүзеге асырылған.
"Трансұлттық есірткі құрылымының 34 қатысушысы ұсталып, сегіз есірткі зертханасы жойылды. Еліміздің ірі мегаполистері – Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентке контрабандалық жолмен әкелінген 40 келі психотроптық заттар тәркіленді. "Қара нарықта" тәркіленген есірткінің бөлшек құны шамамен 600 миллион теңгеге бағаланады", - деп хабарлады ҰҚК баспасөз қызметі.
Сонымен қатар жедел уәкілдер биткоиндерді сатып алу және оларды шетелге шығару бойынша қаржы операцияларын жүзеге асыру жолымен есірткіні сатудан түскен ақшаны заңдастыруды ұйымдастырған заңсыз крипто айырбастаушылар қызметінің жолын кесті.
"Бұл ретте алынған ақшаны заңдастыру үшін көмекшілер жасаған 6 жылжымалы "майнинг ферма" анықталды. Есірткі құрылымының көмекшілері 2 жылда (2018 жылдың қаңтар мен 2019 жылдың желтоқсан аралығында) 2,5 миллиард теңгеден астам соманы заңдастырған", - деп нақтылады ҰҚК.
Көрсетілген фактілер Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізімінде тіркелді:
297-бабы 4-тармағы – "есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу";
264-бабы 2-тармағы – "трансұлттық ұйымдасқан топ, трансұлттық қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу";
286-бабы 4-тармағы – "айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы";
218 бабы 3-тармағы – "қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату)".
Ұсталғандардың мүлкі тәркіленіп, өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.