Берік Уәли президенттің Бозжыраға қатысты тапсырмасын түсіндірді

19 ноября 2020 Берік Уәли президенттің Бозжыраға қатысты тапсырмасын түсіндірді

Мемлекет басшысы экологиялық туризмді өркениетті жолмен дамытуды қолдайды, деп атап өтті Тоқаевтың баспасөз хатшысы

 Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Маңғыстау облысындағы Бозжыра табиғи қорығында қонақ үй салу мәселесіне қатысты мемлекет басшысының тапсырмасын түсіндірді. Айтуынша, енді эколог сарапшылардың пікірі ескеріле отырып, қонақ үй салуға басқа ыңғайлы жер таңдалады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Маңғыстау облысында туризмді дамыту – үкіметке жүктелген маңызды міндеттердің бірі. Бүгінде бұл бағытта жұмыстар басталып кетті. Бес жұлдызды қонақ үй салынып, жайлы мейманханалардың тұтас желісін құру жоспарланып отыр. Мұндай жүйелі жұмыстар аймақтың туристік тартымдылығын арттыратыны сөзсіз", - деп жазды Уәли Facebook парақшасында.

Ол жақында Бозжыра табиғи қорығының жанынан қонақ үй салу жобасы ұсынылғанын еске салды. Айтуынша, қазіргі кезде қорықтың айналасындағы туризм табиғатты қорғау шараларын сақтамай, бейберекет дамып жатыр. Бұл осы ерекше табиғат қорығына орасан зиянын тигізіп отыр.  

"Президент экологиялық туризмді өркениетті жолмен дамытуды қолдайды. Ол үшін қажетті инфрақұрылым, ең алдымен, жайлы қонақүйлер қажет. Сондықтан мемлекет басшысы үкіметке қонақ үй салу жобасын қайта қарауды тапсырды. Бірақ бұл жоба осымен тоқтайды дегенді білдірмейді", - деді Берік Уәли.

Енді қоғамдық кеңестердің, эколог сарапшылардың және мемлекеттік ведомстволардың ой-пікірлері ескеріле отырып, қонақ үй салуға арналған басқа ыңғайлы жер таңдалады.

Оқи отырыңыз: Маңғыстауға барған америкалық туристердің "төбе шашы тік тұрды"

Айта кетейік, қазақстандықтар әлеуметтік желі арқылы Бозжырада қонақ үй салуға жаппай наразылық білдірді. Осыған байланысты кеше президент Қасым-Жомарт Тоқаев жобаны қайта қарауды тапсырған болатын.   

Бозжыра жергілікті маңызы бар "Жабай ұшқан" кіші қорығының аумағында орналасқан.

"Жабай ұшқан" кіші қорығы Маңғыстау облысы әкімінің 2012 жылғы қаулысына сәйкес құрылған және Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының "Қызылсай" мемлекеттік аймақтық табиғи паркіне қарайды.