Қазақстанда хиджабпен мектепке баруға тыйым салынған соң Ақтөбе облысында орамал тағатын он шақты қыз Ресейдің онлайн мектебінде оқып жатыр. Олардың ата-анасы Қазақстан ресми түрде онлайн білім алуды заңдастырып, хиджаб тағатын қыздарға үйден оқуға мүмкіндік берсе дейді.
Мұсылман ғұрпымен хиджаб киетін апалы-сіңлілі Диана мен Жәннат екі елдің – Қазақстан мен Ресейдің мектептерінде онлайн оқып жатыр. Диана Ресей онлайн мектебінің 9-сыныбында оқиды. Ал Жәннат Ақтөбедегі №23 мектептің 4-сынып оқушысы. Қазақстанда коронавирусқа байланысты мектеп оқушылары онлайн режимде оқиды. Егер билік сыныпта оқуға рұқсат етсе, Жәннат мектепке баруы керек. Қазақстанда мектепке діни киіммен баруға тыйым салынған.
Диананың шешесі Гүлжан Сәбенова "қызым осы ереженің кесірінен қоғамнан өз еркімен емес, мәжбүрліктен оқшауланып қалды" деп санайды. Жасөспірім Ресейдегі онлайн мектепке ауысқанда мектебі мен достарын сағынып қатты қиналған. Кейін онлайн оқуға көндігіп кеткен.
Диананың Ресей мектебіндегі оқуы ақылы. Отбасы қызының онлайн оқуына ай сайын 25 мың теңге төлейді. Одан бөлек, қосымша сабақтардың ақысы тағы бар. Анасының сөзінше, жылына бір рет болатын аттестация да ақылы. Аттестацияға 80 мың теңгедей жұмсайды.
– Жеке кәсіпкермін. Пандемия жеке кәсібіме зардабын тигізді. Бұл – жалғыз менің басымдағы жағдай емес. Пандемиядан халықтың тұрмысы анағұрлым ауырлай түсті. Оқу ақысын төлеу қиындап кеткендіктен үлкен қызым Диананы бұрынғы мектебіне ауыстырғым келеді. Бірақ пандемиядан соң оқушыларға міндетті мектеп формасы туралы талап тағы қойылары анық. Қазақстан мектептерінде онлайн оқу заңдастырылса, "орамал дауы" шешілер еді, – дейді қыздардың анасы Гүлжан Сәбенова.
Диана жетінші сыныпқа дейін Ақтөбедегі №23 мектеп-лицейде оқыған. Мектеп директоры Гүлнәр Нарымбетова оқушыны қайта қабылдауға қарсы емес. Бірақ ол арнайы комиссияның сынағынан өтуі тиіс.
Арнайы комиссия баланың 7-8 сыныптың оқу стандартын қаншалықты меңгергенін тексереді. Білім деңгейін дәлелдей алмаған жағдайда биыл 9-оқып жүрген Диана 8, тіпті 7-сыныпқа қайта баруы мүмкін. Оқушыға қойылатын ең басты талап – мектеп формасының сақталуы.
– Қазір 5-11 сынып оқушылары қашықтан оқып жүр. Сондықтан біз әрбірінің үйіне барып, киімін тексере алмаймыз. Мектепке қайта оралған жағдайда балалар біркелкі форма киюге міндетті, – дейді мектеп басшысы Гүлнәр Нарымбетова.
Ал Диана орамалын шешкісі келмейді.
Ақтөбе мектептеріндегі "түсіндіру жұмыстарынан" соң біраз оқушы орамалын шешуге келіскен. Солардың бірі – Томирис қазір қаладағы №46 мектептің 9-сыныбында оқиды. Анасы Ғалия Әминова да Қазақстан онлайн оқуды заңдастырып, хиджаб киетін қыздарға үйден оқуға мүмкіндік бергенін қалайды.
– Қызым қоғам тарабынан көрсетілген қысымға шыдай алмады. Үйге талай рет жылап та келді. Ересектер мен олардың ықпалынан шыға алмаған ұл-қыздар ала көзбен қарай бастағанда қызымның психологиясы күрт өзгергенін аңғардым. Кісікиік болып алды. Тіпті үйде телефонмен сөйлесіп отырып та құрбыларымен шекісіп қалатын, – дейді Томиристің анасы.
Мамандығы заңгер, өзі де дін жолын ұстанатын Ғалия Әминова "орамалға қарсы күрес кезінде конституциялық құқымыз шектелді" деп санайды. Бірақ ол баласының психологиясын ойлап, лажсыздан мектеп талабымен келіскен. Томирис мектепке барғанда хиджабын шешеді, өзге жердің бәрінде орамалын тағады.
Ақтөбедегі колледждердің бірінде мемлекеттік грантпен оқып жүрген Әмина "мектептегі қысымнан кейін колледжге кеткенін айтады. Оқуы онлайн форматта болғандықтан әзірше орамалға байланысты дау болмаған. Оның да Қазақстан үкіметі онлайн сабақты заңдастырса деген тілегі бар.
– Орамал дауы мектептерде ғана емес, орта және жоғарғы оқу орындарында да бар деп есептеймін. Сондықтан мен де Қазақстанда онлайн оқудың заңдастырылғанын қалаймын. Өйткені пандемиядан соң не боларына көзім жетіп тұрған жоқ. Барлығы Алланың қалауымен болады, әрине. Негізі, 11-сыныпты бітіргім келген. Бірақ... Айтыс-тартыспен жүріп 9-сыныпты әрең аяқтадым. Пандемиядан соң колледжде не күтіп тұрғаны бір Аллаға аян. Таңдау жасау керек болып жатса, оқуды емес, орамалды таңдарым анық, – дейді Әмина.
БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ НЕ ДЕЙДІ?
Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова Қазақстанда мектеп оқушысына онлайн білім алуға рұқсат денсаулығына байланысты берілетінін айтады.
– Қазіргі онлайн формат балалар мен педагогтардың өмір қауіпсіздігін, денсаулығын сақтау мақсатында мәжбүрліктен енгізіліп отыр. Пандемия кезінде оқушыларға мектеп формасына байланысты қатаң талап қойылмады. Көп отбасының табыссыз қалғанын ескердік. Бірақ бұл мектепке орамал тартып келуге болады деген сөз емес. Балалар мектепке оралған жағдайда ресми стиль сақталады. Қазақстандағы "Білім туралы" заңда қашықтан оқыту нормативтік-құқықтық жағынан негізделмеген. Қазақстан заңдарына сай, қашықтан оқуға денсаулығына байланысты ерекше білім алатын балаларға ғана рұқсат етілген. Эпидемиологиялық ахуал жақсарғанда балалар мектепке оралады. Сол кезде мектеп формасы туралы талап мүлтіксіз орындалуы тиіс, – дейді Бертілеуова.
Ақтөбе облыстық білім басқармасының мәліметінше, осыдан екі жыл бұрын аймақта 340 оқушы қыз мектепке хиджабпен келіп жүрген. Ата-аналар мен оқушылар арасындағы ұзаққа созылған түсіндіру жұмысынан кейін облыс мектептеріндегі "орамал дауы" толық шешілді деп санайды шенеуніктер. Бірақ облыста орамалын шешуден бас тартқан 11 оқушы қазір Ресейдің онлайн мектебінде онлайн білім алып жатыр.