Түркістан облыстық мамандандырылған қылмыстық істер жөніндегі сотында 14 сотталушыға қатысты сот үкімі шықты. Сотталушы 14 тұлғаның 10-ы әйелдер деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.
Басты айыпталушы Индаира Ж., қылмыстық топты ұйымдастырушы деп танылып, алаяқтық үшін де кінәлі екендігі дәлелденген. Сот үкімімен бар мал мүлкі тәркіленіп, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.
Сондай ақ, қылмыстық істе кінәлі деп танылған тағы екі тұлға да 7 жыл өмірін темір тордың ар жағында өткізетін болды. Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығының бұрынғы қызметкерлері Марат Т. мен Мақсат Т. ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысы бар екендігі дәлелденіп, жиған терген мал мүлкі тәркіленетін болды. Сот үкімімен екеуі де 7 жыл бас бостандығынана айыру жазасына кесілді.
Істің басқа да айыпталушыларына шартты жаза тағайындалды. Кейбір жас балалы сотталушы әйелдерге жаза уақытын шегере тұру туралы шешім шығарылды.
Барлық сотталушылар бірге мемлекетке келтірілген 430 млн теңгені төлеу міндеттелді.
Сот алдында жауапқа тарлыған қылмыстық топ бұрынғы Шымкент қаласының жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері. Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға арналған бюджет қаржысын бірнеше жыл бойында талан таражға салғаны үшін айыпталған болатын.
Айта кетейік, сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
nur.kz, фото - © Көрнекі фото желіден алынды