Ресей президенті Владимир Путин тамыз айында Северодвинскідегі сынақ кезінде жарылып, жеті адамның өліміне себепші болған жаңа қаруды Ресей бәрібір жетілдіре береді деп мәлімдеді.
Бейсенбі, 21 қарашада Кремльде Ненокса полигонында қаза тапқан адамдардың туыстарына "Ерлік" орденін тапсырған Путин апат жөнінде түсініктеме берді. Ол полигонда нақты қандай қару сынақтан өткенін айтпады. Бірақ "Ресейдің қауіпсіздігін ондаған жыл қамтамасыз ететін әлемде теңдесі жоқ қару" деп сипаттады. Путиннің сөзінше, "уникалды технология әлемде бейбітшілікті сақтауға кепілдік береді".
Бұған дейін Ресей президенті "болашағы зор" қару жүйесімен жұмыс барысында жарылыс болғанын айтқан. Қорғаныс министрлігі жарылыс радиоизотопты энергия көзінен шықты деп хабарлады.
Азаттықтың Орыс қызметі және өзге бірқатар БАҚ ашық деректерге сүйене отырып, жарылыс себептері жайлы болжам жариялаған. Қазан айында АҚШ мемлекеттік департаменті Ресейдің Архангельск облысындағы полигонда болған жарылыс Ақ теңіздің түбінен ядролық қондырғысы бар "Буревестник" зымыранын алып шығу кезінде болған деген қорытынды жасады.
Тамыздың 8-іне болған жарылыста "Росатомның" бес қызметкері, екі әскери қызметкер қаза болып, бірнеше адам жараланды. Олардың кейбіріне радиация сәулесі өткені хабарланды. Северодвинскідегі жарылыстан соң аймақта радиация деңгейі 16 есеге ұлғайып, қалпына түскен.