Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов алабай тұқымдас итке ескерткіш орнатуды тапсырды.
6 қарашада түркімен астанасының құрылыс жұмыстарымен танысқан ел президенті алабай тұқымдас итке тағы бір ескерткіш орнатуды тапсырған.
Ресейлік «Комсомольская правда» газетінің тілшісі Дмитрий Смирнов Twitter парақшасына түркімен телеканалындағы сюжеттен үзінді жариялаған. Онда президент бұйрығын шенеуніктер жарыса қағазға түсіріп жатыр.
Ресейлік журналистің жазуынша, жаңа мүсіннің биіктігі 15 метр болады.
Түркіменстанда алабай тұқымдас ит ұлттық игілік ретінде насихатталып келеді. Тіптен президенттің өзі бұл тақырыпта бірнеше кітап жазған.
Ресми БАҚ-тың жазуынша, ескерткіш 2020 жылдың шілдесіне қарай аяқталуы тиіс.
Ашғабадта алабайға ескерткіш бар. Ол 2017 жылы қойылған. Оның лақап аты - "Шын дос". Алда қойылатын ескерткішке бюджеттен қанша қаржы жұмсалатыны белгісіз. Бірақ қазір Түркіменстан экономикалық дағдарысты бастан өткеріп жатыр.