Өзбекстанның Қашқадария облысының Карши ауданындағы магистралдық каналдан 15 жастағы жасөспірімнің сүйегі табылды.
Марқұмның анасы мен кластастары оның өз жанын қиюына мұғалімдердің кемсітуі себеп болды дейді.
"Мұғалімдер ұлымды мектепке телефон ұстап барғаны үшін жазалапты. Сол күні мен мақта теруге кеткем. Күйеуім Ресейде. Сондықтан інісін балабақшадан алып келсін деп ұлыма телефон беріп қойғам. Оны мұғалімдер көріп қалып, ұлымды кемсітіп, оған жаман сөздер айтып, телефонын тартып алған. Бұған шыдамаған балам каналға секірем деп мектептен қашып кеткен. Мұғалім дереу маған телефон соқты. Канал жиегіне барғанымызда, ол суға секіріп кеткен екен. Көп өтпей құтқарушылар оның сүйегін алып шығыпты", - дейді марқұмның анасы.
Марқұмның кластастарының бірі сол күні класс жетекшісі мен директор орынбасары оны қатты сабағанын айтты.
"Класс жетекші мен директор орынбасары оны мектепке телефон ұстап келгені үшін сабады. Олар оны жағасынан алып, іс-шаралар өтетін бөлмеге алып кеткен. Ол жақтан көздері жасаурап, сол жақ беті қызарып шықты. Одан кейін оны мұғалім қыздардың көзінше кемсітті",- дейді марқұмның кластасы.
Жергілікті милиция бөлімі мен аудандық прокуратура жасөспірімнің өлімі бойынша тергеу амалдары жүріп жатқанын мәлімдеді.