Өзбекстандағы гейлер, лесбилер, бисексуалдар және трансгендерлер қоғамының өкілдері өзбек қоғамында гомофобияның күшеюі адам құқықтарының бұзылуын жиілетіп, жемқорлықтың артуына негіз болады деп мәлімдеді.
"Консервативті және гомофоб қоғам әлеуметтік желілерге ЛГБТ-қауымдастық өкілдерін ұстап, оларды мазақ еткен видеоларды салып жүр. Бұған қоса, интернеттегі басылымдарда гомосексуализм үшін адамдар түрмеге түсіп жатқаны туралы хабарлар тарады. Біз бұл ақпараттардың барлығын Human Rights Watch адам құқықтарын қорғау ұйымына жинап береміз. Біздің мақсатымыз – Өзбекстанның қылмыстық кодексінен 120-бапты ("еркектің еркекпен жыныстық қатынасы") алып тастау. Біздің үндеуді Мирзияев БҰҰ трибунасынан естиді деп үміттенеміз" делінген ЛГБТ-қауымдастық өкілдерінің үндеуінде.
Үндеу авторларының бірінің айтуынша, өзбек гей-белсенділер Өзбекстан президентінің назарын осы мәселеге аударғысы келген.
"Біздің де құқықтарымыз бар. Біз сол құқықтардың сақталуын талап етеміз. Өзбекстандағы баспасөз ЛГБТ өкілдерін мазақ етіп жатқанын сыни тұрғыда көрсетуі керек", – деді ол.