Алматы қалалық тергеу соты қазақстандық бұрынғы банкир Жомарт Ертаевты қамау мерзімін 15 тамызға дейін созды. Осылайша ол қамауда бес ай болады. Бұл туралы Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстанның сұрауы бойынша биыл наурызда Ресейден экстрадицияланған Жомарт Ертаев содан бері қамауда отыр. Алғашында оны екі ай тұтқында ұстау туралы шешім шығарған сот 15 мамырда қамау мерзімін тағы бір айға – 15 маусымға дейін ұзартқан.
46 жастағы Жомарт Ертаевты былтыр мамырда Ресейде сол елдің қауіпсіздік органы қызметкерлері ұстаған.
Қазақстан билігі Жомарт Ертаевты "қазақстандық Bank RBK директорлар кеңесі төрағасының кеңесшісі болған кезінде банктен жалған фирманың атына 80 миллион доллардан астам қарыз алып беруге және оны қайтармауға көмектескен" деп айыптайды.
Бұған дейін прокуратура Ертаевпен бірге бұл іс бойынша 54 азамат "қаржы жымқыруға қатысы бар" деген күдікке ілінгені туралы хабарлаған. Оның 41-і – банктің топ-менеджері мен қызметкері.
Былтыр мамырда ресейлік БАҚ-та жарияланған үндеуде Ертаев Bank RBK-да ешқашан жұмыс істемегенін, ол банктің штатында және акционерлері құрамында болмағанын мәлімдеген. Ресейлік "Коммерсантъ" газеті Жомарт Ертаевтың сотта Ресейден саяси баспана мен сол елдің азаматтығын сұрағанын хабарлаған. Ол "саяси астармен қудалауға түскенін" айтқан.
Қаңтардың басында Ресей ақпарат құралдары Мәскеу қалалық соты Жомарт Ертаевты Қазақстанға экстрадициялау туралы шешім шығарғанын хабарлаған.
Жомарт Ертаев бұған дейін Қазақстанда банк заңын бұзған деген айыппен қылмыстық жауапқа тартылған. 2009 жылы Қазақстан қаржы полициясы Альянс Банктің акционерлері мен менеджерлеріне бір миллиард доллардан көп ақшаны ұрлаған деген айып таққан. Сол кезде ұсталып, тұтқындалған Жомарт Ертаев тоғыз ай қамауда отырған. Кейін оған тағылған айып "бухгалтерлік және қаржы есебі туралы заңды бұзу" және "банк қаржысын заңсыз пайдалану" деген баптарға ауыстырылған.
Сот Ертаевқа айыппұл салып, бостандыққа шығарғаннан кейін ол Қазақстандағы екінші деңгейлі басқа банктерде жұмыс істеген. Ал 2014 жылдың соңында Жомарт Ертаев "Алма ТВ" компаниясы басшылығына тағайындалған болатын.