Алматыда "Менің президентім емес" деген жазуы бар баннер ілді

17 июня 2019 Алматыда "Менің президентім емес" деген жазуы бар баннер ілді

Алматыда белгісіз біреулер "Не мой президент" (Менің президентім емес) деген жазуы бар баннер ілді. Бұл туралы Vlast.kz сайты хабарлады. Куәгерлер сөзінше, ұзындығы мен ені бірнеше метр болатын баннер Самал шағын ауданындағы құрылысы бітпеген үйлердің бірінде ілініп тұрған.

Баннердің авторы кім екені әзірге белгісіз, бірақ 14 маусым күні таңертең оппозициялық Rukh2k19 тобы плакат суретімен бірге "Тоқаевты ешкім сайлаған жоқ. Біз президент сайлауын заңды деп санамаймыз! Біз оның нәтижесін мойындамаймыз! Тоқаев - менің презиндентім емес!" деген жазба жариялады.

9 маусым күні Қазақстанда президент сайлауы өтіп, елді отыз жылдай билеген 78 жастағы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған 66 жастағы Қасым-Жомарт Тоқаев жетпіс пайыздан аса дауыспен жеңіп шыққан. Сайлау елде наразылық күшейіп, полиция адамдарды жаппай ұстап әкетіп жатқан тұста өтті. Батыс бақылаушылары саяси науқан кезінде сайлау ережелері мен азаматтардың құқығы бұзылғанын айтқан.

Биыл мамырдың соңында белгісіз біреулер советтік қайта құру кезеңінің рок жұлдызы Виктор Цойдың ескерткішіне "Перемен" (Өзгеріс) деген жазуы және #qazaqkoktemi деген хештегі бар тақтайша іліп кеткен. Акцияны кім ұйымдастырғаны айтылмады.

Биыл сәуірде Алматы, Нұр-Сұлтан мен Қазақстанның бірнеше қаласында азаматтар құқығын сақтауға, сайлаудың әділ өтуіне шақырған бірнеше баннер ілінді. Үш белсенді бірнеше тәулікке қамалып, оны түсірген азаматтар айыппұлға кесілген.