МАРАТ ТӘЖИН. АЛТЫНБЕКТІҢ ӘЛЕМІ

3 ноября 2018

Еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Tarlan.kz бұдан былай мемлекеттік саясатты қалыптастырған тұлғалардың, ішкі саясат жетекшілерінің мақалаларын, олардың өмір белестері туралы естеліктерді дәстүрлі түрде жариялап отырады.

***

Осыдан алты жыл бұрын өткен ғасырдың соңы мен жаңа ғасырдың басында десек те болар, біз президент Ақаевпен кездеспек болып Бішкекке бет түземек едік. Сол жаздың аптабында екі сағатқа созылған жолымыз Мұқағали Мақатаевтің жарқын да зарлы лирикасымен әдемі өрнектеліп еді. Алтынбек Мұқағалидің өлеңдерін жатқа білгенімен қоймай, оны бар жән-тәнімен, болмысымен, жүрегімен ғана емес ақылымен де сезіп қабылдайтын. Ол өзгеше адам болатын. Кейде қатты суық ызғардан кейін аппақ, жылы таң атып, шатырдан аққан тамшылардың жылуы күннің өңін аша түседі ғой. Алтынбек те сондай сәттерде жарқырай кететін.

Алтынбек екеуміз бір-бірімізбен өте тығыз байланысып, серттескен жан дос болдық деп айта алмаймын. Дастархан басында да жиі кездесе қоймадық, бір-бірімізбен шешіліп сырласа да қоймадық. Бірақ он жыл бойы күнделікті араласып, жұмыла бір іспен айналысып келдік. Біз бір-бірімізге иек арта білдік.

2004 жылдың қыркүйегінде екеуміздің арамызда аса ауыр әңгіме болды. Салмақты әңгіме. Мен оның өзіме таққан сынын қабылдай алмадым, меніңше оның айтқандары әділетті емес-тін. Содан кейін біз жарты жыл бойы сөйлеспей жүрдік. Ал 2005 жылдың ақпанында Алматыда кездейсоқ жолығып қалдық. Сонда біз қандай позицияны ұстансақ та, бір-бірімізбен деген сыйластығымызды жоғалтпаймыз деп шештік. Және сол сөзімізде тұрдық. Артынша ол маған бірнеше рет телефон шалып, бір-екі рет қысылтаяң жағдайда өзін қолдағаным үшін алғысын білдірді. Мен де оның қандай жағдайда болса да сол бір қыстағы әңгімеден бас тартпағанына риза болдым.

2006 жылдың ақпанында ешкім күтпеген қасіретті оқиға болды. Сол кеште Алтынбектің мүмкіндігі болса, ол міндетті түрде менімен хабарласар еді. Менің бұған сенімім зор. Мүмкін, сол кеш басқаша аяқталар ма еді. Бірақ оған мұндай мүмкіндікті бермесе керек.

Алтынбек жүректі азамат болатын. Зәкең-Заманбек Нұрқаділовтің жиені қайтыс болғанда Алтынбек маған хабарласып: «Біз Заманбекке барып келуіміз керек, ол жұмыссыз отыр. Қазір одан бәрі бас тартқан, ешқайсысы араласқысы келмейді. Ол қазір өте қиын жағдайда қалып отыр», – деген болатын. Ал ол кез екеуінің қарым-қатынасы біршама шиеленісіп қалған кезең еді. Бірақ Алтынбектің ер-азаматқа тән мұндай қадамға баруы бізге таңсық емес-тін. Өйткені, ол үшін бұл қалыпты жағдай-тын.

1992 жылы президенттің тапсырмасымен ол мені әкімшілікке жұмысқа шақырды. Шынымды айтсам, мен ол кезде мүлде басқа нәрсені жоспарлап отырған едім: батыс елдерінің университетіне бармақшы болып, Ұлыбританияда тәжірибе алысқан әріптестерімнің бірі бизнеспен айналысуға шақырған. Бірақ Алтынбек сендіріп, иландыра білетін еді ғой. «Егер бәріміз кетіп қалсақ, мұнда кім жұмыс істейді?» деген оның қанында бар еді.

Арада біраз жыл өткенде ол менің Алматыдағы саяжайыма келіп, өзінің қызметтен кетуі жайлы жазылған арызын көрсетті. Ол сол кездегі премьермен түсінісе алмады. Мен оның арызын жыртып тастадым. Сол жолы біз біраз уақыт саяжайда жүріп әңгімелестік. Мен сонда оның бұдан төрт жыл бұрын айтқан сөздерін есіне салдым. Ол күліп: «Мен сонда сені жұмысқа бекер шақырмаған екенмін»,- деп еді.

Әрине, мұның бәрі бюрократиялық кәкір-шүкір, шын мәнінде біз екеумізге заман тәлкегінің ең ауыр да қиын жолдарынан бірге өтуге тура келді. Сонда ол өзін абыроймен ұстай білді, өз арының алдында адал бола білді. Бұл- өте маңызды, өйткені ар алдындағы тазалығын әркім өзі ғана біледі. Айтпақшы, біреу білсе, біреу білмес, Ақпарат министрлігі Астанаға алғашқыларының бірі болып көшті. Сонда Алтынбек қызметкерлеріне бар жағдайды жасап, жұмыстың бәрін қайтадан бастады. Сол жылдары елдің қаржылық қауқары да мәз емес-тін. Ол өзін-өзі жарнамалап жатпай, у-шусыз-ақ басқарушылық міндеттің барлық ауыртпалығын көтере алатын, шеше де білетін.

Алтынбек қашанда бір қасиетімен ерекшеленетін. Оның бойында саясаткердің бойынан табыла бермейтін бір ерекшелік бар-тын: ол қандай да бір проблеманы әр тараптан көріп қана қоймай, оны шешудің бірнеше жолын тауып беретін. Алтынбек ойламаған жерден менің көз алдымда саяси тапқырлықты суырып салатын. Бұл – табиғи қасиет, мұны ешқандай біліммен жетілдіре алмайсың. Бұрын осы генетикалық дарындылық жеткілікті болатын. Қазір тиімді саяси қызметке қол жеткізу үшін интеллектуалды тренинг өткізіп, сабақ алып отыру керек. Алтынбек соңғы жылдары өз бойындағы біраз қасиеттерін жетілдіріп, сабақтап отырды, мұны оның сөз сараптауынан, ой толғауынан байқауға болады. Ол табиғи дарындылық пен білімі, тәжірибесі бір-бірімен ұштасып, мықты да терең тұлға ретінде өмірінің алтын шағына жетіп қалған еді.

Адамды жақсы білсең, оның қаншалықты ірі тұлға екенін, құлашын кеңге сілтер кеңдігін, ірілігін көре білмейсің. Алтынбекті білгендердің біразы осындай оптикалық елестерден шыға алған жоқ. Бұл адамзат баласына тән көзқарастың қарғыспен атқан ерекшелігі – жанында неше жыл бірге жүрген адамның қадірін оның көзі тайғанда ғана түсініп, біле аласың.

Маған үнемі қарама-қарсы отырған Алтынбектің сол бір ақылды да адал, мығым көзқарасы жетіспей тұрады.

Жас Алаш газеті. 2006 жыл

(Марат Тәжиннің Қазақстан Республикасы қауіпсіздік кеңесінің хатшысы кезінде Алтынбектің туған күніне орай жазған мақаласы)

Nurgali Nurtay, www.tarlan.kz