Сенатордың айтуынша, ЕАЭО елдері арасында ең төменгі күнкөріс деңгейі Қазақстанда
Ең төменгі күнкөріс деңгейі инфляцияға сәйкес кезең-кезеңмен көтеріледі. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сенаттың жалпы отырысында депутат Мұрат Бақтиярұлы ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері туралы сұрады.
"Биыл біз заң бойынша ең төменгі күнкөріс деңгейін 29 698 теңге деп бекіттік. Өкінішке қарай, ЕАЭО елдерінде ең төменгі күнкөріс біздің елімізде. Беларусь, Ресей, Арменияда бізден жоғары. Осыған байланысты күнкөріс деңгейін жоғарылату ойларыңызда бар ма?", - деді ол.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, ең төменгі күнкөріс деңгейі инфляцияға сәйкес көтеріледі.
"Сіз мемлекетімізде болып жатқан шараларды жақсы білесіз, ол инфляцияның деңгейіне сәйкес көбейіп келеді. "Нұр Отан" партиясының съезінде Елбасы бұл он жылға арналған бағдарлама екенін айтқан болатын. Сондықтан кезең-кезеңмен инфляцияға сәйкес көтеріледі", - деп сендірді министр.