Назарбаевтың тапсырмасы бойынша құқықтық актілерге үлкен өзгерістер енгізіліп жатыр

7 мая 2019 Назарбаевтың тапсырмасы бойынша құқықтық актілерге үлкен өзгерістер енгізіліп жатыр

Бірінші кезекте пәтер алатындардың қатарына көпбалалы отбасылар да қосылды

НҰР-СҰЛТАН, 5 мамыр — Sputnik. ҚР Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша көпбалалы отбасыларға көмек беру тұрғысынан тиісті нормативтік-құқықтық актілерге үлкен өзгерістер енгізіліп жатыр. Бұл туралы ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов үкімет басшысының ресми сайтына берген сұхбатында мәлімдеді.

Оның айтуынша, үй беру мәселесі, бірінші кезекте, тұрғын үй қатынастары туралы заңға байланысты реттеледі. Биыл 30 сәуірде көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға жалдамалы тұрғын үй беру мәселелерін реттеу бойынша "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер енгізілген.

"Айта кету керек, кезекке тұру үшін 5 жыл бойы өзіңізде тұрғын үй болмауы тиіс. Ал, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында 3 жыл тіркеуде болуыңыз керек. Сондай-ақ, жеке тізім де бар, оған сәйкес көпбалалы отбасыларға (4 және одан көп балалы), "Алтын алқа", "Күміс алқа" иегерлеріне баспана бірінші кезекте беріледі", - дейді Жайымбетов.

Комитет төрағасының мәліметінше, еліміз бойынша 340 мың көпбалалы отбасы бар. 2019 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша кезекте 487 мың адам тұр.

2019 жылдың мамыр айында 1,2 мың көпбалалы отбасыға баспана беру жоспарланған 

"Олардың 220 мыңы халықтың әлеуметтік әлсіз тобынан. Көпбалалы, тұрмысы төмен отбасылар — 28 126 адам. І тоқсанда бұл сан 3 мың адамға өсті. Бүгінде кезекте 31 700-ден астам адам тұр. Заңға өзгеріс енгізіліп жатыр. Көпбалалы отбасыларға жеке кезек болады. Бұрын ҰОС ардагерлері мен жетім балаларға бірінші кезекте берілетін болса, қазір осы санатқа көпбалалы отбасылар да қосылып отыр", - деп түсіндірді ол.

Жайымбетов 7 жыл ішінде 40 мыңнан астам жалға берілетін үйлер салынады деп жоспарланып отырғанын айта кетті. Ал бұл осы кезекте тұрған 28 мың азаматтың мәселесін шешуге мүмкіндік береді екен.