Алматыдағы марафон кезінде "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген жазуы бар баннер ілгені үшін 15 күнге қамалған Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбеков 5 мамыр күні кешке босап шықты.
Төлесованың сөзінше, оларды босату туралы шешімді түрме әкімшілігі 5 мамырда жүргізілген медициналық тексеруден соң қабылдаған.
- Бейбарыстың қан қысымы жоғары болған екен. Менің де денсаулығымның әлсірегені анықталды. Мұнан соң түрме әкімшілігі бізді босататындарын хабарлады. Салмақ тастадым. Бірақ қазір халім жақсы, - деді ол.
Төлесованың анасы Жанар Жандосованың айтуынша, 5 мамырда кешкі сағат 19.30-да Әсия түрмеден телефон шалып, өздерін босатып жатқанын айтқан. Екі белсендіні үйге түрме қызметкерлері әкелген.
- Әсия мен Бейбарысқа кесілген 15 тәулік жаза мерзімі 6 мамырда 9.00-де аяқталуы керек еді. Түрме әкімшілігі ертең жұрт жиналады деп қорықса керек. Екеуі де сергек отыр, жағдайлары жақсы, - деді ол.
21 сәуірде Алматыда марафон кезінде "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген жазуы бар баннер ілгені үшін екі белсендіні - 34 жастағы Әсия Төлесова мен 20 жастағы Бейбарыс Толымбековті сот 15 тәулікке қамаған еді.
Сәуір айының аяғында әлемнің түкпір-түкпірінде оқып жатқан Қазақстан студенттері Чехия, Франция, Ұлыбритания мен Венгриядағы Қазақстан елшіліктері алдында қамалған белсенділерді қолдау акциясын өткізді. Мұндай қолдау шаралары Канада, Италияда, Ресей, АҚШ-да өтті.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары - Freedom House, Amnesty International және БҰҰ-ның Адам құқығы бойынша Орталық Азиядағы кеңсесі Қазақстан билігін Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті босатуға шақырған.