Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктер

30 апреля 2019 Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктер

Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз. Бұл күнге сан ғасыр бойы армандап жеттік. Тәуелсіздікке қан төгіссіз, бейбіт түрде қол жеткізіп, елімізді әлемнің өркениетті мемлекеттерінің қатарына қостық. 19 жыл ішінде тәуелсіз Қазақ елін қалыптастырып, нарықтың қиын өткелектерінен аман өткізіп келеміз.

Барша қазақстандықтар үшін Тәуелсіздіктің мәні де, маңызы да айрықша. Өйткені біз Тәуелсіздіктің арқасында тарихымызды түгендеп, тілімізді, дінімізді және ділімізді қайта оралттық. Мемлекетіміздің ұлттық рәміздері қабылданып, ұлттық салт-дәстүрімізді жандандырдық.

Тәуелсіздіктің 19 жылы тарихта өз ерекшеліктерімен қалды. Біз бүгін осы атаулы жылдарға тоқталмақпыз.

1991 жыл.

1991 жылы желтоқсанның 16-сында Қазақстан өз Тәуелсіздігін жариялады. Осылайша әлем картасында Тәуелсіз Қазақстан атты жаңа мемлекет пайда болды. Оның тұңғыш Президенті болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды. Сөйтіп Қа­зақстан Коммунистік партиясы Орта­лық Комитетінің ХV пленумы қабылдаған шешім қазақ қоғамына түбегейлі өзгерістер енгізді.

Н. Назарбаев қол қойған алғашқы Жарлықтарының бірі — 1991 жылғы тамыздың 29-ындағы «Семей полигонын жабу туралы» Жарлық болды. Елбасының осы тарихи шешімі, батыл қадамы бүгінде дүние жүзіне  мәлім тарихи фактіге және біздің ұлттық мақтанышымыздың мәніне айналды.

Таяуда ғана Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы біздің ел Президентінің ұсынысын мақұлдап, 29 тамызды Халықаралық ядролық қару-жараққа қарсы күрес күні деп жариялады.

 

1992 жыл.

Қазақстан 1992 жылғы 2 наурыздан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының толық құқылы мүшесі.Қазір еліміздің БҰҰ, ЮНЕСКО, ЕҚЫҰ (ОБСЕ) секілді 70-ке жуық халықаралық ұйымдарда өкілдігі бар.

Мемлекеттің тәуелсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 1992 жылғы қаңтарда еліміздің ішкі істер әскері құрылды.

Бүкілхалықтық талқылаудан кейін 1992 жылғы маусымда Жоғарғы Қеңестің сессиясы Республиканың жаңа мемлекеттік Туы мен Елтаңбасын бекітті. Ту авторы — суретші Шәкен Ниязбеков, Елтаңба авторлары — сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков, Шот-Аман Уәлиханов.

1992 жылғы 11 желтоқсанда Қазақстан Республикасы мемлекеттік Әнұранның мәтіні бекітілді. Мәтінін жазғандар —  Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Жадыра Дарибаева. Әуенін жазғандар — Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский, Латиф Хамиди (1944 ж. нұсқасы сақталды).

1992 жылы Алматы қаласында  Дүниежүзі қазақтарының І Құрылтайы өтті.

 

1993 жыл.

1993 жылғы қаңтардың 28-інде Қазақстан Республикасының тұңғыш Конституциясы қабылданды. Негізгі Заң 4 бөлімнен, 21 тараудан, 131 баптан тұрды.

Одан кейін Елбасының бастамашылдығымен 1993 жылғы мамыр айында «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заң қабылданды. Осылайша біздің мемлекет кезінде кертертпа жүйенің кесірінен еліміздің азаттығы мен тәуелсіздігі жолында құрбан болған азаматтарды ақтап, бәзбіреулердің өктем саясатымен жасалған тарихтың қателігін түзеді

1993 жылғы 5 қарашада «Ақша жүйесін тұрақтандыру жөніндегі шұғыл шаралар туралы» Президент жарлығы шықты.

Сөйтіп, төл теңгеміз  1993 жылдың 15 қарашасында айналымға түсті.

1993 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелге жастарды оқыту басталды.

1994 жыл.

1994 жылы 6 шілдеде Жоғарғы Кеңес депутаттары астананы Ақмола қаласына көшіруге шешім қабылдады.

1995 жыл.

1995 жылғы 1 наурызда мемлекет басшысы жанындағы қоғамдық консультациялық-кеңесші орган — Қазақстан халықтарының Ассамблеясы құрылды. Оның мақсаты —  қоғамдық тұрақтылық пен ұлтаралық татулықты нығайту болды.

1995 жылғы 24 наурызда Қазақстан халықтары Ассамблеясы (ҚХА) сессиясы ашылды. Онда қаралған мәселелер: Президент Н.Ә.Назарбаевтың өкілеттігін 2000 жылға дейін ұзарту мақсатында бүкілхалықтық референдум өткізу туралы ұсыныс енгізу. Елбасының бұл қызметте болуының бірінші конституциялық мерзімі 1996 жылдың желтоқсанында аяқталатын еді.

1995 жылы 29 сәуірде Президент Н.Ә.Назарбаевтың өкілеттігін 2000 жылдың 1 желтоқсанына дейін ұзарту жөнінде бүкілхалықтық референдум өткізілді. Сайлаушылардың 95,4%-ы Н.Ә.Назарбаевтың өкілеттілігін ұзартуды қолдады.

1995 жылы 30 тамызда еліміздің жаңа Конституциясы қабылданды. Бұл негізгі Заңымызда республиканың экономикалық қүш-қуаты мен мүмкіндіктері ғылыми тұрғыдан тиянақталып, халықтың әлеуметтік топтарына тиісті мәселелерді шешу ескертілді.

1997 жыл.

1997 жылы министрліктер мен ведомстволар 50-ден 25-ке азайды. Әкімшілік ауданның 220-ның 30-ға жуығы таратылды. Әкімшілік облыстар 19-дан 14-ке кеміді. 1997 жылы 22 сәуірде Торғай, Талдықорған облыстары таратылды. 1997 жылы 3 мамырда Көкшетау, Жезқазған, Семей облыстары таратылды. Қазіргі кезеңде Қазақстанда 14 облыс бар.

1997 жылы қазан айында Президент Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2030» стратегиялық жолдауы жарияланды. Жолдауда болашаққа болжам, қазіргі жағдайға талдау жасалып, ішкі және сыртқы саясаттың ерешеліктері айтылды.

Бұл бағдарламада еліміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуының жақын арадағы және стратегиялық ұзақ мерзімдегі даму жолдары көрсетілген.

2030 жылы Қазақстан күрделі жолдан ойдағыдай өткен және дамудың келесі кезеңіне нық қадаммен аяқ басқан ел болады

1998 жыл.

1998 жылы 6 мамырда Президент Ақмола қаласын Астана деп атауға Жарлық шығарды. 1998 жылы 10 маусымда жаңа Астананың ресми тұсаукесері болып өтті.

1999  жыл.

1999 жылы Рим папасы Астанаға келді.

1999 жылдың шілдесінде Астана қаласы ЮНЕСКО-ның «Әлем қаласы» сыйлығымен марапатталды.

 

2001 жыл.

2001 жыл автомобиль жолдары жылы болып жарияланды. Трансевразиялық магистраль «Батыс Еуропа —Батыс Қытай» жобасы басталды. Еліміздегі жолдардың көп бөлігі жөнделіп, жаңа жолдар салынды. Әуежайлар мен Каспийдегі теңіз порты қайта құрылды.

Қалың жұртшылықты Қазақстан халқының тарихи-мәдени игіліктерімен таныстыру мақсатында 2000 жылы Қазақстан Республикасы Президенттік мәдениет орталығы құрылды.

2001 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен Астана төрінен «Атамекен» Қазақстан картасы» этнографиялық-мемориалдық кешені» деп аталатын мәдени орын ашылды. Қазақстанның кішірейтілген картасы іспеттес. Аспан астындағы мұндай мұражай дүние жүзінің 17 елінде ғана бар. Бельгиядағы «Шағын Европа» саябағы, Австрия, Швейцария, Германия, Испания, Ұлыбритания елдерінің үлгісімен дүниеге келген «Атамекенде» 14 облыс, 2 қала — Астана мен Алматы қалаларының макеттері қойылған.

2002 жыл.

2002 жылы Евразияның кіндігі — Астананың төрінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясымен Елорданың символына айналған «Астана – Бәйтерек» монументі салынды. Оның биіктігі 97 метр.

 

2003 жыл.

2003 жылы  Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Бірінші съезі болды.

 

Бейбітшілік және келісім сарайы салынды. Сыртқы пішініне қарап жергілікті халық «Пирамида» деп атап кеткен Бейбітшілік және келісім сарайы – ұлтаралық және конфессияаралық тұрақтылықтың, халықтар достығының өзіндік символы тәрізді.

2003 жылы демографиялық жағдайды көтеру және әлеуметтік қолдау мақсатында аналарға бала тууына байланысты бір реттік жәрдемақылар беріле бастады. Ал 2006 жылы бала бір жасқа толғанға дейін төленетін жәрдемақы тағайындалды.

2004 жыл.

2004 жылы Астанада Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің Музейі ашылды. Онда 100 мыңнан астам экспонаттар бар. Президент Н.Назарбаевтың жеке мұрағаты мен кітапханасы мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар басшыларының тартулары, Елбасының біргей марапаттар коллекциясы, жеке заттары, құжаттары көрермен назарына ұсынылып отыр.

2004 жылы 13 қаңтарда ҚР Президенті «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы туралы Қаулыға қол қойды.

 

2006 жыл.

2006 жылдың 1 қыркүйегінде ашылған пирамида үлгісіндегі Бейбітшілік және келісім Сарайы — Астананың ең үлкен мақтаныштары қатарындағы ғимарат.
2006 жылы қыркүйек айында дәл осы жерде Әлем діндерінің екінші съезі өтті.

2008 жыл.

2008 жылы Астананың сол жағалауындағы әсем де зәулім ғимараттар қатарын «Қазақ елі»монументі толықтырды. Идеяның негізгі авторы — Елбасы Н.Назарбаев. Монументтің биіктігі 91метр.

2010 жыл.

Үкімет индустриялдық-инновациялық бағдарламаны жүзеге асыруға кірісті. Үдемелі индустриялдық-инновациялық дамудың Мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Осы бағдарламаны жүзеге асыру шеңберінде үстіміздегі жылы ғана 140-тан астам жаңа бәсекеге қабілетті өнеркәсіп кәсіпорындары іске қосылады.

Астана қаласында мемлекет тарихында тұңғыш рет Орта Азия елдерінің басшыларының қатысуымен ЕҚЫҰ-ның Саммиті өтті. Тіпті, өткен ғасырдың өзінде КСРО-да Мәскеу қауіпсіздік пен ынтымақтастық бойынша Еуропа мемлекеттерінің жиынын өткізу мерейіне ие болған жоқ. Сондықтан бұл ірі халықаралық ұйымның Саммитінің Астанада өтуі – мемлекет үшін де, еліміздің әрбір азаматы үшін де биылғы жылдың басты оқиғасы.

Сәнім ЫСҚАҚҚЫЗЫ