Арбаға таңылған аруды алып қашқан жігіт оны алақанына салып, аялап отыр

30 апреля 2019 Арбаға таңылған аруды алып қашқан жігіт оны алақанына салып, аялап отыр

Өмір

Ақтөбелік Әлия Сағындықованың өмірі адам айтса сенгісіз, ғажайып оқиғаларға толы. Ол болашақ жарымен әуелі хат жазысып танысып, бір жылдай уақыт аралығында кездесіп жүрген. Сөйте тұра, кейіпкерімізді сүйгені бағзы замандағыдай алып қашып кеткенінің өзі бір қызық. Жас жұбайлардың отбасылық хикаясы һәм балалы болуы да шытырман романға бергісіз… Достарының денін әлеуметтік желі арқылы тапқан оны, өзінің айтуынша, сал ауруына шалдыққанын есептемегенде, бақытты адамдардың қатарына қосуға әбден болады.

Кішкентайынан мүгедектік арбамен қозғалатын Әлия жұрт қатарлы орта білімді мектепте игеріп, артынша бірқатар тағдырластары сынды оқуын жалғастыра алмаған. Бұған мүмкіндігі шектеулі жандарға ол жағынан қамқорлықтың аздығы, сондай-ақ, отбасының әлеуметтік жағдайы әсер етіпті. Бірақ оның өмірі 22 жасында, яғни 2013 жылы күрт өзгереді. Сол жылдары хат-хабар алмасуға ыңғайлы жаһандық желі — майл-агент Әлияның қоңыр тіршілігінде шуақты күндерінің орнауына үлкен дәнекер болды.

— Бірде ғаламторда отырсам, бейтаныс жігіт хат жазды. Оның да сол мезетте «іші пысып» отырса керек, әңгімеміз бірден жарасып кетті. Есімінің Руслан екенін, өзінің 1987 жылы туғанын айтқан ол іле-шала телефон нөмірімді сұрады. Не деп жауап қайтаратынымды білмей, алғашында үнсіз қалғаным рас. Келесіде сол әңгіме қайта басталғанда, «Әуелі суреттерімді көрсеңші…» дедім. Интернеттегі парақшама арбамен отырған суреттерімді де жүктегенмін.  Ол бәрін содан кейін ғана ұқты. Десе де, теріс айналған жоқ. Бұл жағдай біздің дос болуымызға кедергі емес екенін айтты, — деген Әлия арада үш ай өткен соң онымен алғаш рет бетпе-бет кездескенін, сөйтіп, мұндай қауышулардың бірте-бірте жиілегенін айтты. Әдемі түсіністіктен бастау алған достық көп ұзамай махаббатқа ұласады…

…Сөз жоқ, қыздың әке-шешесі, бауырлары олардың қосылуына үзілді-кесілді қарсы болады. «Бұл некенің болашағы бұлыңғыр, асықпа…» дейді. Ал он екі мүшесі сау, тек қолдың қысқалығынан орта біліммен шектелуге мәжбүр болған ырғыздық жігіттің ата-анасы аталған мәселеде екі жастың жүрек қалауына ерік беріп, олардың кез келген қадамын құптайтынын ғана жеткізеді. Мұндайда не істеу керек? Бір жылдай қыз бен жігіт боп сырласып жүргендер бұрынғының «әдісіне» көшуге бел буады. Әлия інісінен оны далаға алып шығуын өтініп, Русланға телефон шалады. Руслан оны сол жерде алып қашады. Ерлі-зайыпты атануға асық қос ғашық осылай үлкен өмірге аяқ басады…

— Жастықтың буы ма, әлде махаббаттың әсері ме, алғашында бәрі тамаша болды. Екеуміз жалдамалы пәтерде тұрдық. Ол күн ұзағына жұмыста болады, мен үйде отырамын… Бір күні өзімді жайсыз сезініп, әлдебір ерекше күй кештім. Бұрын-соңды болмаған жағдайды өткеріп жатқанымды, денсаулығымда өзгерістің барын сезіндім. Кейін дәрігерге барып көрінгенімде, өзімнің жүкті екенімді білдім. Шыны керек, алғашқы үш айда өз-өзіме сенбей, мұны алдамшы дүниедей қабылдап жүрдім. Тек құрсағымда жан бары кәдімгідей байқалып, ол ішімде қозғалғанда, аяғымның ауыр екеніне көзім жетті (күліп).

 

Бұл хабарды естіген туған-туыстарымды айтпағанда, дәрігерлердің өзі мүгедек адамның бала тууы екіталай екенін, солай болған күнде де дені сау ұрпақтың өмірге келуі мүмкін емес екенін айтып, мені жасанды түсік жасатуға көндіргісі келді. Жолдасым да екіұдай сезімде болып, менің өміріме қатты алаңдады. Өзім бір сәтке де ойымнан айнымадым. Алла мені әйел заты қылып  жаратқан екен, ендеше, ана болуым керек деп шешім қабылдадым, — деген Әлияның «ерекше күйдегі» көп уақыты да тиісінше медициналық мекемелерде өтеді. 2015 жылдың 1 маусымында жас келіншек көптен күткен қуанышқа кенеледі — дәрігерлердің көмегімен тұңғышын босанады. Тағдырдың жазғаны болар, денсаулығында кінәраты жоқ боп туған ұл баланы ақ халаттылар қолын шығарып алады да, шақалақ үш айдай төсекте қозғалыссыз жатуға мәжбүр болады. Әлияның бауырлары сол кезде біраз емші-тәуіптерді жағалап, сәбидің бетін ақыры бері қаратады… Сондағы  көрген қиыншылықты, «Бала — бауыр етің» деген аталы сөздің төркінін қалай түсінгенін қайсар жан ерекше тебіреніспен баяндайды.

— Сондай күндердің бірінде емханаға бардық. Бізді қабылдап алған медбикенің бәйек боп, бізге көмектесуге ұмтылуы, бәрінен бұрын оның мына әңгімесі қайран қалдырды: «Әлия, сен неткен бақыттысың! Балаң бар… Ол сенің өміріңнің жалғасы, қазірде көз қуанышың. Менің ұзатылғаныма 4 жылдан асты, әлі бала көтере алмай жүрмін. Осы бағыңды бағалай біл. Өйткені әйел адамы баласымен ғана әдемі». Шынында, бәрі де өткінші ғой,  ең бастысы — ізімді жалғайтынның бары қандай бақыт деп сол уақыттан бері өзімді қашанда сабырға шақыратын болдым, — деп сыр бөліседі ол.

Өзіндік ауыртпалықпен басталған сол жас отбасының күні бүгінде біреуден ілгері, біреуден кейін. Бастысы, тұрмыстық тауқыметтерге бола екі жаққа бөлінбеді. Отағасы қаладағы дүкендердің бірінде жүк тиеуші болып жұмыс істейді, Әлия баламен үйде отыр. Мемлекеттен денсаулығына байланысты 45 мың теңге көлеміндегі жәрдемақы алады. Ал биыл екі жасқа толғалы отырған Абат шауып жүр. Тіл-көзіміз тасқа, жас жұбайлардың кішкентайы дін аман.

— Отбасы болған соң, азды-көпті мәселелер болмай тұрмайды. Соның ең негізгісі — үйіміздің жоқтығы. Жалдамалы пәтер қайбір жақсы болады дейсіз? Қыста суық, еденінен сыз өтеді. Әрі қымбат. Мысалы, екеулеп жүріп қолымызға айына 85-90 мың теңге түсірсек, соның жартысына жуығы пәтерақысына кетеді. Ал әке-шешемізге барғымыз жоқ, өзіміз бөлек тұрғымыз келеді. Олар да «Өздерің қосылдыңдар, енді өз күндеріңді көріңдер», — дейді. Мүгедектігіме байланысты пәтер кезегіне әлдеқашан тұрып қойғаныммен, оның жылжитын түрі жоқ. Мен сияқтылар көп.

Сосын күйеуімнің тек туу туралы куәлігі болғандықтан, тұрақты жұмысқа орналаса алмай жүр. Кезінде 16 жасқа толғанда құжатқа суретке түсуге мүмкіндігі болмай, содан бұл іс аяқсыз қалыпты. Енді қайта жасатайық десек, қағазбастылығы көп. Оқымағанымыздың да кесірі бар, соны бір ретке келтіре алмай жатырмыз. Әр жерде жұмыс істеп, жан бағып жүрген жарымның мәселесін, пәтер жайын айту үшін облыс әкімінің қабылдауына жазылып қойдым, — дейді сөз арасында Әлия Бақтиярқызы.  

  «…Жасыратын несі бар, екеуміз бас қосқанда, той жасайтын жағдайымыз болмады. Біз де бұған аса назар аудармай, ең бастысы — бірге тіршілік кешкенімізге шүкіршілік еттік.

Сәті түскен болуы керек, 2015 жылдың жазында мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқор боп жүретін еріктілердің өздері хабарласып, «Тойыңызды жасап берсек деп едік…» деген ұсынысын білдірді. Әрине, бұған қуана келістік. Қандай қыз болсын, ақ көйлек киіп, сәнденіп мейрамханаға баруды армандайды ғой… Осындай үлкен жүректі адамдардың барына шүкір».

Өзіміз де әңгімелесуге барғанда көрдік, Әлия — бір үйдің кәнігі келіні. Арбада отырғанына қарамастан, ас әзірлейді, үй жинайды, басқа да әр әйел атқаруға тиіс ірілі-ұсақты шаруаны ұршықша үйіреді. Бір орында отырмайтын баласына да қарайды. Одан бөлек, Әлияның сөзімен айтсақ, қыз кезінде ол қоғамдық жұмыстарға да белсенді қатысқан. Оған дәлел — үйінің төрінде ілулі тұрған шығармалар жазудан ұйымдастырылған байқаудан жеңіп алған дипломы. Ол осыдан бірер жыл бұрын тірек-қимыл жүйесі бұзылған жастардың арасында I орынның иесі атанған.

Суретті де бір адамдай шебер салатын Әлия, мүмкіндік болса, балабақшада тәрбиеші болуды қалайтынын, кішкентайлармен жұмыс істегенді жаны сүйетінін айтып қалды. Біз де осы орайда «Әлі де жассың…» деп алға қойған мақсат-мұраттары жайлы, ұлына серік болар ұл-қызды өмірге әкелуге қалай қарайтынын  білгіміз келгені бар.

— Әрине, жасым бар болғаны 26-да. Алла сәтін салса, тағы да бала тапқым келеді. Жолдасым да қарсы емес. Бұйыртса, ұлым сәл оң-солын танысын, қолғанат болатын жасқа жетсін деп отырмын. Әйтпесе, балаға қарайтын адам керек қой. Руслан жұмыста болады, бауырларыма қолқа сала беру де ыңғайсыз. Әркімнің жеке өмірі бар.

Тағы бір арманым — ең болмағанда Алматы немесе Астанадағы мықты дәрігерлерге қаралу. Өйткені аяғымда аздап жан бар, бәрін сезеді, өздігімнен жүріп кетсем деп күні-түні Жаратқанға дұға етемін, — деп сыр ақтарған Әлия өзінің жалғыз еместігін, ол секілді қыз-жігіттермен әлеуметтік желі арқылы ұдайы байланысып тұратынын қосты. Қолы қалт ете қалса, тағдырластарымен экранның арғы жағында пікір алысатын кейіпкеріміз оларға ылғи айтатын ақылын да ортаға салды. «Мен секілді мүгедек жастар аз емес. Бірақ олар да басқа бойдақтар секілді өзінің арманындағы адамды іздейді. Оларға айтарым, барлық жағынан мінсіз, талабына сәйкес келетін жанды кезіктіру мүмкін емес. Бұлай жүре берсе, өмірінің соңына дейін жалғыз өтетінін айтудан жалықпаймын. Адамның бір қыры ұнады ма, соның етегінен ұста деймін оларға… Ең бастысы, сен дегенде жаны таза болсын. Қандай адам болсын, жұп болып бірге тіршілік кешкен әлдеқайда жеңіл деп ойлаймын…» деп сөзін қорытындылады Әлия.

 Айбек ТАСҚАЛИЕВ