Ақтөбе әкімдігінде қала әкімі Ілияс Испановтың төрағалығымен қоғамдық-құқықтық қатынастардан туындайтын даулы мәселелерді шешу жөнінде дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Бұл шараға №3 қалалық сотының төрайымы Нәзира Аманқұлова, қала әкімінің орынбасарлары, «Алматы» ауданы прокурорының міндетін атқарушы Б.Ешмағамбетов, №3 қалалық сотының судьялары, қала әкімдігінің бөлім басшылары, қызметкерлері қатысты.
Шара барысында құқық саласындағы пилоттық жоба таныстырылды. Нәзира Аманқұлованың айтуынша, қалалық соттарда бүгінде қоғамдық-құқықтық қатынастардан туындайтын мәселелерге қатысты істер саны артқан. — Мысалы, 2018 жылы 200-ден астам іс қаралған. Ол негізінен мемлекеттік органдардың іс-әрекеттеріне қатысты болып отыр. Бүгінде бұл көрсеткіш төмендемей отыр. Сондықтан мемлекеттік органдармен бірге тұрғындардың құқықтарын бұзудың алдын алатын алгоритм жасақтау қажеттігі туындап отыр.
ҚР Жоғарғы соты еңбек дау-дамайларының және қоғамдық-құқықтық қатынастардан туындайтын дау-дамайлардың алдын алу жөнінде пилоттық жобаны қаңтар айынан бастап іске асыра бастаған. Бұл жобаның мақсаты — азаматтардың құқықтарын бұзудың алдын алу, — дейді Н.Аманқұлова. Азаматтық істерді қарау кезінде туындайтын мәселелерге қатысты баяндаған №3 қалалық сотының судьясы Ж.Сұлтанованың айтуынша, мемлекеттік органдар мен жеке және заңды тұлғалар арасындағы дау-дамайлар, яғни қоғамдық-құқықтық қатынастардан туындайтын даулы мәселелер саны былтырғыға қарағанда көбейген. — Мысалы, өткен жылы қалалық соттарда мемлекеттік органдардың әрекеттеріне және әрекетсіздіктеріне қатысты 239 іс түскен болса, соның 129-ы қаралды.
Мұның ішінде 40 іс қанағаттандырылды. Яғни қаралған істердің ішіндегі әрбір үшінші іс мемлекеттік органдардың әрекеттерінің заңсыздығын көрсетіп отыр. Ал 34 іс шағым берушінің бас тартуы себебінен тоқтатылған, яғни мемлекеттік орган істі қарау кезінде өз заңсыздықтарын түсініп, жұмысты қалпына келтірген. Бұл не деген сөз? Бұл былтыр мемлекеттік органдар тарапынан заңбұзушылықтың 74 дерегі (қаралған істердің 40 пайызы) анықталғанын көрсетіп отыр.
Биыл бірінші тоқсанда қалалық соттарда 68 іс қаралып, 61-іне қатысты шешім шығарылды, осы істердің 42-сі қанағаттандырылды, яғни шешім шыққан істердің 69 пайызында мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттері байқалып отыр, — деді Ж.Сұлтанова. Дөңгелек үстелде жаңа ақпараттық технологияларды қолдану жолымен сот талқылауын қашықтықтан жүргізуге мүмкіндік беретін «Smart Сот» пилоттық жобасы таныстырылды. Судьялардың айтуынша, бұл жоба тараптарға сот отырысына бейнебайланыс арқылы қатысуға мүмкіндік береді, яғни сот төрелігіне қолжетімділіктің кеңеюіне, созбалаңға салуды жоюға және судьялардың жұмысын оңтайландыруға ықпал етеді. Жиын соңында қала әкімі Ілияс Испанов мемлекеттік қызметкерлерге қоғаммен жұмыс істеу барысында құқықтық талаптарды қатаң ұстану қажеттігін тапсырды.
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.
По сообщению сайта Ақтөбе газеті