Қоғамдық бірлік пен ұлтаралық келісім — ең басты құндылық

30 апреля 2019

Елордада Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті-Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан  Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясы өтті.  Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысуымен өткен сессия  «Татулық пен келісім формуласы: әлеуметтік бірлік және жаңғыру» тақырыбында өтті.

Бейбітшілік және келісім сарайында өткен сессияға 1500-ден астам адам жиналды. Олардың ішінде бүкіл өңірлерден келген Ассамблея мүшелері мен ардагерлері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктер төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, шет мемлекеттердің дипломатиялық миссияларының, ғылыми, шығармашыл зиялы қауым өкілдері бар.

— Жаһандық әлем біздің көз алдымызда қуатты трансформацияны бастан кешуде. Біз бәрін түсінеміз және жаңа тарихи дәуірде өмір сүреміз. Айналамызда басқа әлем, басқа технология жүріп жатыр. Бірақ мұндай ауыспалы шақта бір тұрақты іргелі құндылық бар. Бұл — қоғамның бірлігі мен ұлтаралық келісім. Мүмкін, осы маңызды фактор болашақта біздің бәсекеге қабілеттілігімізді анықтайды, —  деді Елбасы.

Сессия  барысында Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жаңа орынбасарларын таныстырды. Ассамблея кеңесінің ұсынысымен, ҚХА Төрағасының орынбасары қызметіне «Вайнах» шешен-ингуш қоғамының мәдениетін дамыту Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма мүшесі Юсуп Келигов пен «Дустлик» өзбектердің республикалық қауымдастығының  сарапшысы Шерзод Пулатов тағайындалды.
Сессия соңында «Туған жерге тағзым» атты салтанатты концерт өтті. Онда қазақстандық жас әншілер Ержан Максим мен Данэлия Төлешовалар ән шырқады. Концерт «Қазақстан — біздің ортақ үйіміз» хореографиялық композициямен басталды. Оған «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі, «Рухсара» би ансамблі солистері, Қ.Қожамьяров атындағы мемлекеттік республикалық академиялық ұйғыр музыкалық комедия театры, мемлекеттік республикалық академиялық корей музыкалық комедия театры, «Наз» мемлекеттік би театры, «Мәңгілік» би театры және шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің «Вайнах» ансамблі қатысты.

 

По сообщению сайта Ақтөбе газеті