Украинаның Донбасс аймағындағы ресейшіл жікшілдер бақылауындағы аймақтардың тұрғындарына Ресей төлқұжаттарын жасауға жылына Зейнетақы қорының бюджеті 100 — 175 миллиард рубль жұмсауы керек. Шығынды The Bell басылымы есептеп шығарды.
24 сәуірде Ресей президенті Владимир Путин Украинаның шығысындағы екі аймақ тұрғындарына азаматтық беру туралы жарлыққа қол қойды. The Bell журналистері бұның Ресей бюджетіне қанша ақшаға түсетінін есептеп шығарды.
Reuters мәліметі бойынша, бұл аймақтарда бір миллионнан астам зейнеткер тұруы мүмкін. Олардың барлығы Ресейден зейнетақы талап етсе, онда бюджеттен жыл сайын 100 - 175 миллиард рубль төлеп отыру керек болады.
Басылым мәліметі бойынша, бұл шығынның жарымын Ресей өз жауапкершілігіне алған болуы мүмкін, өйткені Киев 2014 жылы бақылаудан тыс аймақтардың тұрғындарына зейнетақы төлеуден бас тартты.
Донбасс тұрғындарына төлқұжат беру туралы шешімді Украина, Еуроодақ елдері және АҚШ сынады. Бейсенбі күні Украина БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын шақырып, аталған елдер жиналыста Ресейдің мұндай әрекеті Донбастағы жанжалды реттеуге арналған келісімге қайшы келетінін растады.
Ресей жанжал аймағындағы тұрғындарға төлқұжат беруді гуманитарлық мақсаттармен түсіндірген.