Қазақстанда өздерін оппозициялық партия ретінде атайтын "Жалпыұлттық социал демократиялық партия" құрылтай жиынын өткізіп, 9 маусымда өтетін президент сайлауына бойкот жариялады.
26 сәуірде өткен съезде сөйлеген партия мүшелерінің бәрі билікті "сайлауда дауыс ұрлайды" деп айыптап, сайлауға бойкот жариялауды ұсынды.
Қатысушылардың бірі "ЖСДП саяси кеңесі президент сайлауына үміткер ретінде ұсынған журналист Ермұрат Бапиді қолдаймыз. Бірақ біздегі сайлау - қуыршақтар қатысатын науқан. Сондықтан сайлауға бойкот жариялап, парламент сайлауына дайындалайық" деді.
Мұнан соң сөйлеген "Дат" газеттер жобасының жетекшісі, журналист Ермұрат Бапи "ауыр болса да, үміткер болудан бас тартатынын" айтты.
- "Президент сайлауына қатысудың қажеті бар ма өзі?" деп ойладым. [...] Мен сайлауға қатыссам, қуыршақ қана боламын. Көптің біріне айналамын. Мемлекеттік қызметте тәжірибем де жеткіліксіз. [...] Бағдарламамды оқып, уақыт жоғалтқым келмейді. Бәрі белгілі ғой. Қиын, әрине. Бірақ съезд пікірімен санасамын. Кандидатурамнан бас тартамын. Сенім білдіргендеріңізге рақмет, - деді Бапи.
Журналист сөз сөйлеп біткен соң партия төрағасы Жармахан Тұяқбай микрофонды алды. Бірақ съезд қатысушыларының бірі ортаға шықты да, сайлауға бойкот жариялауға қарсы шықты.
Артынша Бапи мінберге шығып, үміткер болуға түсуден қайта бас тарты.
- Мен сайлауға түсуден қорықпаймын. [...] Бірақ алда парламент сайлауы келе жатыр. Ресурстарымызды соған сақтауымыз керек. Сіздерді де қолдаймын. Бірақ мына ақымақ жүйеде сайлауға қатыспаймын. Кандидатурамды алып тастаймын, - деді Ермұрат Бапи.
Мұнан соң Тұяқбай бойкот жариялау мәселесін дауысқа салды. 36 съезд қатысушысы - қолдап, үшеуі қарсы дауыс берді.