Грузияның Панкисский аңғарында ГЭС құрылысын салуға қарсы тұрғындар мен полиция қақтығысы кезінде жиырмадан астам адам жарақат алған. Бұл жерде негізінен шешен диаспорасы тұрады.
Шешен-кистиндіктер құрылыс жұмысына қарсы шығып, алдымен экологтардың сараптама қорытындысын талап етті. Билік болса инвесторлардың рұқсаты бар деп отыр.
Дуиси ауылының тұрғындары жұмыс орындарын бұғаттап тастады. Осыдан кейін акцияға қатысушылар мен полиция қызметкерлері арасында қақтығыс орын алған. Наразылық білдірушілер тас, шоқпар қолданса, полиция қызметкерлері көзден жас ағызатын газ бен резеңке оқ қолданған.
Аймаққа елдің ішкі істер министрі Георгия Гахариидің өзі барғаннан кейін, жағдай біршама тынышталған. Бірқатар тұрғындар тілшілерге «өлсек те, ГЭС құрылысын салуға рұқсат бермейміз» деп отыр. Олар ауылды сусыз қалдырады деп қауіптенеді.
Ресей-Грузия шекарасында орналасқан Панкисский аңғарында 1990 жылдары шешен соғысы кезінде дала командирлары, оның ішінде Руслан Гелаев отряды жасырынған.
Сонымен бірге бұл аймақтан экстремистік «Ислам мемлекеті» (ИМ) ұйымының дала командирлері шыққан. Олардың ішінде антитеррористік коалиция күшімен өлтірілген ИМ-нің «қорғаныс министрі» Абу Умар Аш Шишани (Тархан Батирашвили) де бар.