Украина орталық сайлау комиссиясы (ОСК) бюллетеньдердің 90 процентін санау қорытындысы бойынша, Владимир Зеленскийдің 73 процент дауыс жинағанын мәлімдеді.
Оның басты қарсыласы, қазіргі мемлекет басшысы Пётр Порошенко сайлаушылардың 24,5 процент дауысын жинаған. Бұл нәтиже Ұлттық экзитполдың мәліметімен сәйкес келеді.
Зеленский тәуелсіз Украина тарихындағы президент сайлауында ең жоғары дауыс алған бірінші үміткер. Сайлауға халықтың 62 проценті қатысқан. ОСК президент сайлауының екінші кезеңінің ресми қорытындысы 30 сәуірде жарияланады деп мәлімдеді.
Украинаның барлық аймағында Зеленскийге көп дауыс берген. Тек Львов облысында Порошенко 64 процент дауыс жинаған.
Пётр Порошенко қарсыласы Владимир Зеленскийді жеңісімен құттықтап үлгерді. Бірақ ол саясаттан кетпейтінін, Зеленскийге қолдау көрсетуге әзір екенін мәлімдеді.
Зеленский сайлауалды бағдарламасында ең алдымен барлық украиналық саяси тұтқындарды босатуға күш салатынын жеткізген. Тізімде былтыр қараша айында Ресей тарапынан ұсталған теңізшілер де бар.
АҚШ президенті Дональд Трамп дүйсенбіге қараған түні Владимир Зеленскийге қоңырау шалып, жеңісімен, ал Украина халқын бейбіт түрде өткен демократиялық сайлауымен құттықтаған.
Владимир Зеленскийді Франция және Польша президенттері Эманнуэль Макрон мен Анджей Дуда құттықтады. Канада премьер-министрі Джастин Трюдо, Еуропалық кеңес төрағасы Дональд Туск пен НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг Твиттер арқылы құттықтау жолдады.
Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев болса Фейсбук парақшасы арқылыУкраинада өткен президент сайлауының нәтижесі Киев пен Мәскеу қарым-қатынасын жақсартуға септігін тигізеді деп үміттенетінін жеткізген.