Қоқан арнайы кәсіби жеңіл өнеркәсіп колледжінде 2018 жылдың қазанынан бері ондаған оқушы өз-өзіне қол салуға талпынған.
Бұл туралы аталған оқу мекемесінің қызметкерлері хабарлады. Жұмыстан шығарылған бұрынғы қызметкерлердің айтуынша, өткен жылдың қазан айынан бері колледждің бірнеше оқушысы өз-өзіне қол салмақ болған. Олар оған дәлел ретінде Қоқан қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасының анықтама көшірмелерін көрсетті.
Анықтамаларда 2000 жылы туған 36 қыз дәрілерлерге қаралғаны айтылған. Олардың төртеуінің денесінде металл ине табылған, екі қыздың денесінде шыны ыдыс сынығы қалған. Тағы бірнеше қыздың денесінің терісі кесілген.
"Қараша айында болған оқиға. Сол кезде үш қыз колледжден қашып кетті. Оларды ұстап, оқшау бөлмеге қамап қойды. Олар сол жерде қарындарына ине тыққан. Мен "жедел жәрдем" шақырттым", - деді колледждің бұрынғы қызметкері.
Олар колледж басшылығы ауысып, тәрбиешілердің жұмыстан шығарылуына оқушы қыздар наразы болды деп отыр.
Өзбекстанның бас прокуратурасының хабарлауынша, Қоқан арнайы колледжінде өз-өзіне қол жұмсау фактісі тіркелмеген. Дегенмен оқу мекемесінің бұрынғы қызметкерлері колледж басшылығы бұл жайтты жасырып отыр деп есептейді.
Бұл колледжде 247 қыз оқиды, шамамен жүз педагог және басқа да қызметкерлер жұмыс істейді.