Өзбекстанның Сұрқандария облысы Шурчин ауданында тоғызыншы сынып оқушысын екі жас жігіт зорлаған.
16 жастағы қыздың айтуынша, биыл 18 ақпанда оны таныс жігіт таксимен үйіне жеткізіп беруге уәде берген. Көліктің басқа жаққа бара жатқанынан сескенген қыз қарсылық білдірген. "Жігіт үйден бір зат алатынын айтып, мені таксиден шығуымды сұрады. Такси кетіп қалды. Сосын ол жаңбырдан су боп қалмас үшін үйге кіруімді сұрады. Мен кірдім, ол біреулерге телефон соқты", - деп баяндады жәбірленуші.
Қыздың айтуынша, жігіттің үйіне бейтаныс екі жігіт арақ алып келген. "Олар маған кетуге рұқсат бермеді. Маған мәжбүрлеп арақ ішкізді. Басым айналып, орнымнан тұра алмай қалдым. Сосын олар мені зорлай бастады. Мен айқайлай алмадым, өйткені олар менің аузымды басып тұрды. Екі жігіт зорлады, үшіншісі де зорлағысы келген, мен қатты қарсылық көрсеттім", - деді қыз.
Қыздың анасы бұл уақытта Ресейде болған. Екі күннен соң Өзбекстанға оралған ол милицияға шағымданған.
Аудандық тергеуші Комил Файзиевтің айтуынша, іс қыздың жасына байланысты қозғалмаған. "Шын мәнінде, қызды ешкім зорламаған, өзі келіскен. Өткен жылы желтоқсанда ол 16 жасқа толған", - деді тергеуші.