Баткенде Қырғызстан мен Тәжікстан делегацияларының шекарадағы жағдайға қатысты кезекті кездесуі өтті.
Қырғызстан вице-премьер-министрі Жениш Разаковтың хабарлауынша, тараптар ең әуелі тұрғындар арасындағы жанжалды басу керек деп келісті. Одан соң ғана тараптар шекараны нақтылау, жол құрылысы мәселелерін талқылайды. Тәжікстан делегациясын премьер-министрдің орынбасары Азим Иброхим бастап келді. Жұма күні келіссөздер жалғасады.
Жүздесу Баткен ауданына қарасты Кок-Таш ауылында өтіп жатыр.
Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасындағы жанжал 13 наурызда басталды. Екі жақтан да адамдар зардап шекті.
Қырғызстан шекара қызметінің нұсқасы бойынша, жанжалды Мехнатабад тәжік ауылының тұрғындары бастаған. Олар шекараға жақын маңда қырғыздардың Ак-Сай - Тамдык жолының құрылысына наразылық білдірген.
Тәжікстан шекара қызметінің мәлімдеуінше, жанжалды жер учаскесін басып алуды көздеген қырғыз азаматтары бастаған.