Магнитогорскіде сегіз адамды құтқарған өзбек жігіті медальмен марапатталды

11 февраля 2019 Магнитогорскіде сегіз адамды құтқарған өзбек жігіті медальмен марапатталды

6 ақпанда Челябинск облысының губернаторы Борис Дубровский Өзбекстан азаматы Оламафруз Абдуллаевты "Жақсылық жасауға ұмтылыңыз" медалімен марапаттады. Бұл туралы Өзбекстанның сыртқы істер министрлігі хабарлады.

Оламафруз Абдуллаев өткен жылы 31 желтоқсанда Магнитогорск қаласында сегіз адамды үйінді астынан құтқарып қалған. Ол құтқарушылар келгенше тұрғындарға көмек көрсеткен.

5 ақпанда Өзбекстанның Екатеринбургтегі бас консулдығы Оламафруз Абдуллаевқа бағалы сыйлықтар мен мақтау қағазын тапсырды.

Бұған қоса "Узбекистон хаво йуллари" ұлттық компаниясы жас жігітке Екатеринбург – Ташкент рейсіне тегін билет берді.

Еске салайық, 2018 жылы 31 желтоқсанда Магнитогорск қаласында болған жарылыстан 39 адам қаза тапты. Ресейдің тергеу комитеті жарылысқа тұрмыстық газ себеп болғанын анықтады.