Назарбаев Конституциялық кеңеске сауал жіберуіне бола, "шу көтермеуге" шақырды

6 февраля 2019 Назарбаев Конституциялық кеңеске сауал жіберуіне бола, "шу көтермеуге" шақырды

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Конституциялық кеңеске сауал жолдағанын, әдеттегі процесс екенін айтып, оған бола "шу көтермеуге" шақырды.

Назарбаев Қазақстанның қолданыстағы конституциясы қабылданған 1995 жылдан бері Конституциялық кеңеске 220 өтініш берілгенін, соның ішінде өзі 22 өтініш жолдағанын айтты. Оның сөзінше, Конституциялық кеңестің заңнамадағы кейбір олқылықтарға байланысты түсіндірме беруі – қалыпты процесс.

"Мысалы, маған [президенттің] қандай жағдайда өз еркімен қызметінен кететіні жайлы сұрақтар қойды. Конституцияда бұл қарастырылмаған. Мұндай нормалар әлем елдері конституцияларының бәрінде бар. Маған осы туралы сұрақтар түскеннен кейін Конституциялық кеңестен осы ережені түсіндіріп беруді сұрадым" деген Назарбаев.

Президент қазіргі кезде қоғамда жиі айтылып жүрген [кезектен тыс] сайлау, [билік] транзиті тәрізді мәселелер жайлы пікірін де білдірді.

"Конституцияны, заңдарды, президент туралы заңды оқыңыздар. Онда сайлау қашан өтетіні, қашан мерзімі келетіні нақты көрсетілген. Иә, конституция бойынша президенттің мерзімінен бұрын сайлау өткізуге құқығы бар. Бірақ бізге ондай қауіп төніп тұрған жоқ. Сондықтан сабырға келіп, қалыпты жұмыс істейік" деді президент.

4 ақпанда Назарбаев Конституциялық кеңестен Конституциядағы "президент өкілетінің тоқтауы туралы 42-бабы 3-тармағын түсіндіруді" сұраған еді. Ол бапта "президент өкілеттігі жаңадан сайланған ел президенті қызметіне кіріскен кезден бастап, сондай-ақ президент қызметінен мерзімінен бұрын босатылған немесе кетірілген не ол қайтыс болған жағдайда тоқтатылады. Республиканың бұрынғы президенттерінің бәрі, қызметінен кетірілгендерден басқасы, Қазақстанның экс-президенті деген атағы болады" деп жазылған.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды 30 жылға жуық басқарып келеді. Ресми мәлімет бойынша, 2015 жылғы президент сайлауында Назарбаев 97 пайыз дауыс алып, бұл қызметке бесінші рет сайланған.