"Дәрігерлер кінәлі": ШҚО тұрғыны мүгедек болып қалған әйелі мен 3 баласын өзі бағып отыр

22 января 2019 "Дәрігерлер кінәлі": ШҚО тұрғыны мүгедек болып қалған әйелі мен 3 баласын өзі бағып отыр

Мұратбек Кәкенов әйелінің мүгедек болып қалуына дәрігерлердің кінәлі екенін айтады

 2016 жылы наурыздың 21-нен 22-сіне қараған түні Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай ауданы Қарағайлы ауылының тұрғыны Земфира Кәкенованың өмірі түбегейлі өзгерді. Ол осы күні қағанағынан суы кетіп Семей қаласындағы №3 перзентханаға келген болатын. Отағасының айтуынша, дәрігерлер екі тәулік бойы "өзі босанады" деп ешқандай шара қолданбаған. Ақырында әйел есінен тана бастағаннан кейін ғана кесар тілігін жасап, іштегі сәбиді аман алып қалады.

Аңсар бүгінде үш жаста, өзі дін аман. Алайда анасының халі мүшкіл. Қазақстандық дәрігерлер оны емдей алмайтынын айтып, шетелдік мамандарға жіберіп жатыр. Ал шетелдік мамандардың алдына бару үшін отбасының қаражаты жеткіліксіз. Осы орайда, Земфира Кәкенованың күйеуі Мұратбек Кәкенов қазақстандықтардан емге қажетті ақшаны жинауға көмек сұрап, әйелінің мұндай жағдайға қалай тап болғанын баяндап берді. Айтуынша, жадырап жүрген сүйіктісінің бір күнде мүгедекке айналуына дәрігерлер кінәлі.

"Емге 40 миллион теңге қажет"

"Дәрігерлер әйелімнің "өзім босанамын" деп қолхат бергенін айтады. Бірақ бұл қағаз еш жерде жоқ. Кесар тілігі арқылы сәбиді алған соң, әйелімнен қан кете бастайды. Осы кезде жатырды алып тастау отасын жасау үшін жансыздандыратын дәрі салады. Алайда осының алдында асқазанын тазаламағандықтан құсып, кейін өзінің құсығына тұншығып қалады. Мұнымен қоймай, әйелім комаға түскен кезде оны жасанды жолмен оттегі беретін сынған аппаратпен демалдырған. Істейтін аппаратты №1 перзентханадан тек төрт сағаттан кейін ғана әкелген", — дейді Мұратбек Кәкенов.

Тағы оқыңыз: Комада жатқан әйел жүкті болып, сәби дүниеге әкелді

Бүгінде дәрігерлер Земфира Кәкенованың тәні ғана емес, жаны да сау еместігін айтады. Өзі еркін қозғала алмайды. Тіпті, үш жылдан бері жалғыз өзі дәретханаға барып көрмеген. Сондай-ақ, оны отағасының өзі киіндіріп-шешіндіріп, қажет кезде тамағын береді. Мұратбек Кәкенов бүгінде бар уақытын әйеліне ғана арнайтынын айтады. Бұдан бөлек үш баласына өзі қарайлап, сабаққа апарып-алып келеді. Кенжесіне қарайлауға анда-санда енесі көмектеседі. Осылайша үйден шығып кеткенінде көршісіне ақша төлеп, әйеліне жәрдемдесе тұруға өтініш білдіреді.

© FOTO : МИНКУЛЬТУРЫ И СПОРТА / НИКИТА БАСОВ

"Дәрігерлер аң-таң": Димашпен кездескен соң жаңазеландиялық әжейдің өмірі өзгерді

"Құдайға шүкір, балаларым түсініп, қолдау білдіреді. Олар да етегіме жармасып жылап жатса, не боларын білмеймін. Осы үшін Аллаға алғысым шексіз. Әйтпесе, жынданып кететін шығармын. Сосын Гүлнәр есімді қарындасыма рахмет. Алла тағала бізге жасаған жақсылығын оған қайтаруына тілектеспін. Мені біреулер арқылы тауып, көмек қолын созып жатыр. Әйтпесе, мен интернет қолданудың да не екенін білмеймін. Жалпы бір рет шетелге барып ем алып келуге 40 миллион теңге қаражат керек болып тұр. Әзірдің өзінде соның 115 мыңы жиналып үлгерді", — деп қуанышымен бөлісті отағасы.

Мұратбек Кәкенов 2018 жылдың көктемінде ақша жинап, әйелін Новосібір қаласында емдетіп келген. Ол әйелінің бұдан да көп уақыт емделуі керектігін айтады. Он күннің ішінде емнің қандай нәтиже бергенін өз көзімен көргендіктен, шетелдегі емнің пайдалы болатынына сенімді. Дәіргерлер де "Неғұрлым көбірек келсе, соғұрлым өзіне жақсы болады" деп ескерткен. Сондай-ақ, 40 миллион теңге жиналған жағдайда әйелін Томск қаласындағы мамандарға алып барып, тамағын көрсетпек. Себебі, қазір әйелінің тамағында түтікше тұр. Оны ай сайын Астана қаласындағы дәрігерлерге әкеліп, тазартып тұрады. Бірақ, кейде ақша болмай, 3-4 айда бір рет келуге мәжбүр.



Әрі қарай оқу: sputniknews.kz, фото-жеке архив