Жоғарғы сот Владислав Челахтың заңнама аясында тағы қандай амалы бар екенін айтты
Өмір бойына сотталған Владислав Челах Қазақстан Республикасының Жоғарғы сот төрағасынан өзіне қатысты сот актілерін қайта қарау туралы ұсыныс енгізуді сұрай алады. Бұл мүмкіндік туралы судья Лариса Шепелева Қазақстан Жоғарғы сотының қылмыстық істер бойынша кассациялық коллегиясының шешімі жарияланғаннан кейін өткен брифингте мәлімдеді.
"Жоғарғы сот төрағасынан сот актілерін қайта қарау туралы ұсыныс енгізуді сұрап өтініш жазуға болады. Челах осы амалды пайдалана алады. Қазақстанның Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов істі сот коллегиясының қайта қарауына ұсынады, бірақ процестік шешім қабылдауға қатыспайды. Ұсыныс енгізілген соң сот коллегиясы шешім қабылдайды", — деп түсіндірді Шепелева.
Челах БҰҰ-на қайта арыздана ала ма?
Судья БҰҰ Комитеті үшін жауап бере алмайтынын мәлімдеді, бірақ мұндай мүмкіндік жоқ емес деп санайды.
"БҰҰ Комитеті өтінішті қараған кезде арызданудың реті бар ма, жоқ па тексереді. Қайта өтініш берсе, оның бұған құқығы бар-жоғын айтады деп ойлаймын", — деді ол.
БҰҰ Комитеті – сот органы емес, қандай да бір өтінішке қатысты пікірі сот шешімінің күшіне ие бола алмайды, кеңес ретінде ғана қабылданады. Мемлекеттер оны процеске қатысушысының өтінішінде айтылса ғана ұлттық заңнама жүзінде қарайды. Комитеттің шешімі міндетті түрде қаралуға тиіс емес.
Челахтың неге өтемақы алуға құқығы жоқ?
Жоғарғы сотта Владислав Челахтың өтінішін оқыған адвокат Гүлмира Шалдықова қорғалушысының құқығы бұзылғаны үшін өтемақы ретінде 30 миллион теңге сұрады.
"Қылмыстық-процестік заңмен қатаң қарастырылған жағдайларда ғана қылмыстық процес аясында ақтауға болады. Ал Челахтың айтып отырғаны оған сәйкес келмейді", — деп мәлімдеді Шепелева.
Неге Челах кассациялық коллегияның отырысына қатыспады?
Судьяның айтуынша, сотталған азаматтың кассациялық инстанция отырысына міндетті түрде қатысуы заң жүзінде қарастырылмаған.
"Біз бәрібір сотталған азаматқа кассациялық сотта істің қаралатын күні туралы хабарлаймыз, бас бостандығынан айыру жазасына кесілмеген азаматтар өздері келіп қатыса алады. Бас бостандығынан айырылған тұлғаның қатысуын қамтамасыз ету – заң мұндай міндетті қарастырмайды. Кассациялық инстанция – бұл құқық инстанциясы. Онда жаңа дәлелдер немесе іске қатысты жаңа мәліметтер қаралмайды. Кассациялық инстанция қолда бар материалдарды тексереді", — деп түсіндірді Шепелева.
Естеріңізге сала кетсек, сейсенбі күні Астанада Жоғарғы соттың қылмыстық істер бойынша кассациялық коллегиясының отырысы өтті. Оның қорытындысы бойынша Владислав Челахтың ісі қайта қаралмайтын болды.
Жиырма жеті жастағы Челах Қостанай облысы Жітіқара ауданындағы колонияда жазасын өтеп жатыр. Ол "Арқанкергендегі қырғын" туралы іс бойынша 15 адамды өлтіргені үшін өмір бойына сотталған.
Әрі қарай оқу: sputniknews.kz, фото-© Foto : Талгат Галимов