Жұлдыз өзінің мінсіз еместігін, кейде теріс мінез көрсететін кездері болатынын айтты
Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген BBC Kyrgyz сайтына берген сұхбатында бүгінде дүркіреп тұрған танымалдылығына қатысты пікір білдірді. Айтуынша, адамның кәсібилігінен гөрі, игі қасиеттерін жоғары бағалайды. Осы орайда, өзінің де мүмкіндігінше қарапайым болуға тырысып жүргенін жеткізді.
"Омар Хаямның "Жолы болғыш және бай адамдарға қызғанышпен қарамаңыздар. Күн шыққаннан кейін әрдайым күн батады" деген сөзі бар. Әрбір жақсы-жаман нәрсе — мен үшін өмірімдегі сәттердің бірі. Мен үшін адамның рухани байлығы кәсіби біліктілігінен артық. Өйткені бәріміз осы өмірде, алдымен, адам болу үшін жаратылдық. Әнші болу үшін емес, мұғалім болу үшін емес. Сол себепті, адами қасиеттерді, рухани құндылықтарды байыппен сақтап қалу — біздің ең басты парызымыз деп ойлаймын", — дейді Димаш Құдайберген.
Сондай-ақ, әнші қандай жағдай болмасын, ата-анасына сөз тигенін қаламайтынын жеткізді. Яғни өзі арқылы ата-анасын тек жақсы жағынан танытпақ ниетте. Бұдан өзге ол жұлдыз ауруына шалдықса да, әрдайым өзін сабырға шақырып отыратынын айтты.
Тағы оқыңыз: Дәрігерлер Димашпен кездескен қарияға неге аң-таң болды
"Әрбір ісім мен жасаған әрекеттерім тікелей ата-анама келіп тиеді. Ата-анам "Димашқа кезінде дұрыс тәрбие бермеген" деген сөз естімеуі үшін барынша өз-өзімді жерге түсіріп жүремін. Адамдар "Жұлдыз ауруы болады, ол басылады" деп жатады. Сөздің шыны керек, ол ешқашан басылмайды. Болып жатқан жағдайларға кәсібіңіздің бір бөлігі ретінде қарап, сабырға келсеңіз, бәрі де дұрыс болады", — деді ол.
Әрі қарай Димаш Құдайберген көптеген тыңдарманының өзін тым мінсіз етіп жібергеніне тоқталды. Айтуынша, ел қатарлы өмір сүріп, теріс мінез танытатын кездері де болады. Осы орайда ол барша тыңдарманына алғыс білдіріп, олардың қолдауының маңызы зор екенін айтып өтті.
"Сөздің ашығын айтсақ, менің де ашуланатын, бетке айтып қалатын кездерім болады. Кәдімгідей мен де таңертең ұйқыдан тұрамын, тамағымды ішемін, барып жатамын және достарыммен қалжыңдасамын дегендей", — деді әнші.
Сондай-ақ, қазақстандық талант ешуақытта өзін мега жұлдыз санамағанын жеткізді.
Әрі қарай оқу: sputniknews.kz, фото-© Sputnik / Айгюзель Кадир