Жас жігіттің өліміне қатысы бар күдікті 1 қаңтар күні 22.00-ден кейін шекараны кесіп өткен
Қарағандыда адам өлімімен аяқталған жаппай төбелестен кейін ізін жасырған күдікті Нарек Гурурян Ресей аумағына қашқан. Бұл туралы бүгін ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Жанат Сүлейменов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сүлейменовтің айтуынша, жедел тергеу шаралары барысында күдіктінің Павлодар облысындағы бекет арқылы Ресей аумағына өткені белгілі болды.
"Күдікті 1 қаңтар күні кешкі 22.00-ден кейін шекараны кесіп өткен", — деді министрдің бірінші орынбасары ОКҚ-де өткен брифингте.
Оны іздеу үшін екі жедел тергеу тобы Ресейге, ал тағы бір топ Арменияға жіберілген.
"Біз қазір әріптестермен бірге өзара іс-қимылды пысықтап жатырмыз. Күдіктінің бейнеүндеуі оны ұстауға және заңды түрде қылмыстық жауапқа тарту үшін Қазақстанға қайтаруға септігін тигізеді деген ойдамын. Ал күдіктінің қылмысты жасаған-жасамағанына қатысты, менің ойымша, тергеу органдарында дәл сол сәтте негіз жеткілікті болды. Сот санкция берді", — деді Сүлейменов.
Әрі қарай оқу: sputniknews.kz, фото-© Foto : пресс-служба премьер-министра Республики Казахстан