АСТАНА, 27 қазан — Sputnik. "Әміре" фильмі Голливуд кинофестивалінде үздік деп танылды.
Бұл туралы актер Санжар Мәдиев инстаграмдағы парақшасында хабарлады.
"Достар! "Әміре" фильмі Голливудте Hollywood Film Festival кинофестивалінде бірінші орын жеңіп алды және қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды", — деп жазды ол.
Кинотуынды қазақтың тұңғыш драмалық тенор дауысты біртуар әншісі Әміре Қашаубаевтың (1888-1934 жж.) қамшының сабындай ғана қысқа да, жарқын ғұмырын баяндайды. 1925 жылы Парижде өткен Exposition Internationale des Arts Décoratifs et Industriels Modernes шеңберінде өткен бүкіләлемдік музыкалық байқауда Еуропа көрермендеріне қазақтың дәстүрлі әншілік өнері мен қара домбырасын паш еткен 36 жастағы Әмре Қашаубаев КСРО делегациясының арасынан топ жарып, екінші орынды және күміс медаль иеленді.
Фильм, сондай-ақ, дарынды әнші Әміре Қашаубаевтың джаз орындаушысы Джордж Гершвинмен достығы туралы сыр шертеді. "Әміре" фильмі Париж аспанын әнге бөлеп, күллі әлемді тамсандырған Әміре Қашаубаевтың 130 жылдығында шықты.
Фильмде Әміре Қашаубаевтың репертуарындағы "Балқадиша", "Үш дос", "Дударай", "Бес қарагер" және т.б. әндері орындалады.
Картина Латвия, Лос-Анджелес қалаларында түсірілді. Сондай-ақ фильмнің соңғы түсіру жұмыстары Алматы облысы Үшқоңыр ауылының маңында жүргізілген.
Халықаралық түсірілім тобының құрамында америкалық қоюшы-режиссер Джеф Веспа (Jeff Vespa), оператор — Максим Осадчий ("9 рота", "Сталинград") бар. Фильмнің сценарийін жазған Бенжамин А. ван дер Вин (Benjamin A. van der Veen). Басты рөлдерді отандық актерлер Санжар Мәдиев (Әміре) және Еркебұлан Дайыров (Мұстафа Шоқай) сомдады.
Источник: https://sputniknews.kz/culture/20181027/7801401/amire-hollywoodte-uzdik-dep-tanyldy.html