Сенат депутаты: Қытай Қазақстанды басынан бақайшағына дейін зерттеп отыр

28 декабря 2018 Сенат депутаты: Қытай Қазақстанды басынан бақайшағына дейін зерттеп отыр

Сенатордың айтуынша,бүгінде Қытайда Қазақстанды, Орталық Азия елдерін қоса алғанда 22 институт пен орталық зерттейді

 Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы елімізде Қытайды зерттейтін арнайы институт құруды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Бүгін сенаторлар Қазақстан үкіметі мен Қытай үкіметі арасындағы Қазақстанға тікелей инвестициялар салуды жүзеге асыратын Қытай-Қазақстан өндірістік қуаттарының ынтымақтастығы қоры кірісінің жекелеген түрлерін салық салудан босату туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын қабылдады. Депутат Мұрат Бақтиярұлы аталған заң жобасын қолдай отырып, үкіметтің назарын бірнеше мәселеге аударды.

Оның айтуынша, соңғы уақытта Қытай халқының әлемде мықты екенін сезіну рухы күн өткен сайын күш алып, өз мемлекетін Жер әлемнің кіндігі санайтын түсінігі кең таралған. 

"Сондықтан болар біздің қоғамда, ақпарат құралдарында Қытайдан үрейлену, сақтану сияқты тенденция жиі көрініс беруде. Мұның басты себебі – елімізде осыған терең сараптамалық негізде талдау жасап, халыққа түсіндіріп беретін Қытайды арнайы түрде зерттейтін бірде-бір ғылыми институттың болмауы", — деді Бақтиярұлы. 

Сенатордың ақпаратына сүйенсек, Қытайда Қазақстанды, Орталық Азия елдерін қоса алғанда зерттейтін 22 институт пен орталық бар. 

Назарбаев: Қытай саудадағы ірі серіктесіміз

"Онда жүздеген маман Қазақстанды басынан бақайшағына дейін зерттеп отыр. Сондықтан стратегиялық әріптесіміз Қытайдың саяси-экономикалық және ішкі әлеуметтік жағдайын, болашақ беталысын, Қытайдың Қазақстанға ұстанған сыртқы саясатын, екі ел арасындағы қауіпсіздік саласының өзекті мәселелерін, сауда-экономикалық байланыстарын, кәсіпкерлік, индустрия саласындағы ынтымақтастығымызды зерттейтін арнайы Қытайды зерттеу институтын құрудың қажеттілігі пісіп жетілді. Оған елімізде қытайтанушы, Қытай тілі жазуын терең меңгерген білікті мамандар жеткілікті", — деп санайды депутат. 



Әрі қарай оқу:sputniknews.kz, фото-© Sputnik / Илья Питалев