"Жүгіремін" Депутаттар мен министрлер Жаңа жылды қалай қарсы алатынын айтты

27 декабря 2018 "Жүгіремін" Депутаттар мен министрлер Жаңа жылды қалай қарсы алатынын айтты

 "Жаңа жылды қалай қарсы алсаң, жылды солай өткізесің" деген сөз бар. Содан болар, әр адам жаңа өмірдің бастауы – Жаңа жылды естен кетпестей қарсы алуға тырысады. Осы орайда Sputnik Қазақстан тілшісі Қазақстанның депутаттары мен министрлерінен Доңыз жылын қайда және қалай атап өтетінін сұрап білді. 

"Жаңа жылды үйде қарсы алу керек"

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Доңыз жылын жылдағы дәстүрмен үйде балаларымен және немерелерімен бірге қарсы алмақ. Мереке күндері шет елге барып, демалуға уақыт жоқ дейді. 

"Қаңтардан бастап атқаратын жұмысымыз өте көп. Өз басым жұмыс істеймін. Сондықтан ешқайда бармаймын", — деді мәжіліс спикері. 

Нығматулин қазақстандықтарға Бурабайда демалуға кеңес берді.

"Қыстыгүні күн жылы болып тұрған кезде, мына тұрған Бурабайға барып, демалысты сонда өткізу керек", — дейді ол. 

Ал сенат депутаты Сәрсенбай Еңсегенов Жаңа жылды әр жыл сайын отбасымен бірге ауылда қарсы алатынын айтты. Депутаттың тарих қойнауына енгелі жатқан Ит жылына еш өкпесі жоқ. 

"Өзім үшін биылғы жыл барлық жағынан жақсы болды деп есептеймін. Біз үмітшіл халықпыз. Сондықтан келесі жылы елдің үміті ақталсын деп тілеймін. Елімізде тыныштық, бақ-береке, іші бүтін, сырты тыныш болсын", — деген ізгі тілегін жеткізді сенатор. 

Еңсегеновтің әріптесі Мұрат Бақтиярұлы да жаңа 2019 жылды отбасының ортасында қарсы алуды жоспарлап отыр. 

"Ешқайда бармаймыз. Мен жалпы өмірімде қыдырған адам емеспін, жылда отбасыммен Астанада мерекелеймін", — дейді сенатор Бақтиярұлы. 

Халық қалаулысы биылғы Ит жылына "тұрақты" деген баға берді. 

Мәжіліс депутаты Гүлжан Қарағұсова үшін де Жаңа жыл – отбасылық мереке. 

"Осы жолы Астанада, балаларыммен және немерелеріммен атап өтемін. Биыл балаларым маған қонаққа келеді. Шет елдерге саяхаттап шығу ойымда жоқ", — деді депутат ханым. 



Әрі қарай оқу: sputniknews.kz, фото-© Sputnik / Владислав Воднев