Денис Теннің қазасы: сотта жәбірленуші тарап спортшының тапсырыспен өлтірілгенін айтты

26 декабря 2018 Денис Теннің қазасы: сотта жәбірленуші тарап спортшының тапсырыспен өлтірілгенін айтты

Жәбірленуші тараптың қорғаушысы істі қосымша тергеуге жіберуді сұрады

Алматыда Денис Теннің өлімі бойынша қылмыстық іске қатысты өтіп жатқан сот отырысында жәбірленуші тараптың адвокаты Денис Тен тапсырыспен өлтірілді деп мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі сот залынан.

Теннің отбасының қорғаушысы Нұрлан Өстеміров соттан істі қосымша тергеуге жіберуді сұрады. Жәбірленуші тарап іске қатысты процессуалдық бұзушылықтар бар және қылмыс тапсырыспен жасалды деп есептейді. 

"Біз қылмыстың сыбайластарын анықтау үшін істі прокурорға қосымша тергеуге жіберуді сұраймыз. Істің материалдарындағы дәлелдердің қайшы тұстары бар, олар қылмыстың тапсырыспен жасалғанын көрсетеді. Айдап салушылар мен арандатушыларды жауапқа тарту керек. Қосымша тергеу жүргізіп, дербес сот өндірісіне бөлуді сұраймыз", — деді Өстеміров. 

Сот отырысынан кейін адвокат Sputnik Қазақстан тілшісіне Тен тапсырыспен өлтірілген деген сөзіне қатысты түсініктеме берді. 

"Қиясов (Нұралы Қиясов — күдіктілердің бірі — Sputnik) қалай артынан пышақ сала алады? Ол артынан жүгіріп келген. Кәсіби адам жарақаттаған. Біреудің қашып бара жатқаны түсірілген видео бар. Яғни, үшінші адам болды деген сөз", — деді Өстеміров. 

Бұдан бөлек, жәбірленуші тараптың қорғаушысы Астана тұрғыны Сапар Шәмшиевті сотқа жеткізуді сұрады. Ол бұған дейін Арман Құдайбергеновтің ұрлығынан зардап шеккен.

Ал айыптаушылар Оксана Теннің қорғаушысының арызының қайтарылғанын айтты. Сотталушылардың қорғаушылары істі қайта қарауға негіз жоқ деп отыр.

"Әдейі өлтірді дегенге келмейді. Тіпті "адамды өлтірді" деген баппен айыптау дұрыс емес. Олар ұрлық жасауға барған адамдар, ал кісі өлтіруді мақсат етпеген. Алдын ала арнайы келіспеген. Тіпті, танымайды. Мысалы, адамды не үшін өлтіреді? Ақшасын алу үшін немесе жаңағыдай тапсырыс берген кезде. Ал мұнда ешкім тапсырыс бермеген", — деді айыпталушы Толыбаеваның адвокаты Амангелді Шариев. 

Бүгін Алматы қылмыстық істер бойынша ауданаралық сотында қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің өліміне қатысты іс бойынша сот отырысы басталды. Сотқа 100-ге жуық адам жиналды, олардың арасында спортшының туған-туыстары, БАҚ өкілдері бар. Сот алдына үш адам келді — Нұралы Қиясов, Арман Құдайбергенов және Жанар Толыбаева. Бүгін отырыста күдікті әйелдің аяғы ауыр екені белгілі болды.



Әрі қарай оқу: sputniknews.kz, фото-© Sputnik / Алексей Стефанов