Мәжілісте ҚР кейбір заңнамалық актілеріне бизнес-ортаны дамыту және сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бірінші оқылымда қаралды
Бүгін мәжілістің жалпы отырысында төменгі палата төрағасы Нұрлан Нығматулин заң жобасын әзірлеуге атүсті қарайтын министрлерді сынға алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәжілісте ҚР кейбір заңнамалық актілеріне бизнес-ортаны дамыту және сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бірінші оқылымда қаралды. Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген заң жобасында қазақстандық тауарларды таңбалау мен затбелгі жапсыру бойынша орталықтар құру ұсынылған. Алайда дәл осы заң жобасымен таңбалау мен затбелгі жапсыру функциясын атқаратын бірыңғай оператор құру да көзделіп отыр. Осы орайда Нұрлан Нығматулин аталған құжатты әзірлеген үкімет мүшелерінен кәсіпкерлерден ақша сыпыратын делдал құру не үшін қажет болғанын сұрады.
"Ұлттық экономика министрлігі мен қаржы министрлігі заң жобасында осындай орталықтар құруды ұсынғанда, нені басшылыққа алып отыр? Әріптестер, бұл орталықтардың артық екені көрініп тұр емес пе? Сіздер, делдал құруды ұсынып отырсыздар. Тимур Мұратұлы, мұның жекеменшік компаниялар болатынын айтты. Олар кәсіпкерлерден тек ақша жинаумен айналысатыны анық қой", — деп ашуланды Нығматулин.
Осыдан кейін мәжіліс спикері таңбалау орталықтарын құруға қатысты "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының позициясы қандай екенін сұрады.
"Егер таңбалау мен затбелгі жапсыру функциясын бірыңғай оператор жүзеге асырса, онда орталықтар, тиісінше, керек емес. Бірақ, Нұрлан Зайроллаұлы, орталықтар өз тауарын таңбалауға мүмкіндігі жоқ шағын және орта бизнес кәсіпкерлеріне қызмет көрсету үшін құрылады. Яғни, еркін негізде. Бірақ, егер, таңбалау функциясын бірыңғай оператор орындай алатын болса, әрине, онда бұл норманы алып тастауға болады", — деді "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Елдос Рамазанов.
Әрі қарай оқу: sputniknews.kz, фото-© Sputnik / Болат Шайхинов