Өскемендік педагог ұстаздардың жалақысына қосылған үстеменің тым мардымсыз екенін айтқан
Мәжіліс депутаты Жәмила Нұрмамбетова білім саласы туралы жазған өскемендік мұғалімнің хатында көтерілген жекелеген проблемаларға тоқталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәжілістің жалпы отырысында Нұрмамбетова премьер-министр Бақытжан Сағынтаевқа депутаттық сауал жолдады. Депутат әлеуметтік желіде білім саласындағы түйіні тарқамай жатқан мәселелерді көтерген өскемендік мұғалім Оксана Александрованың хатын оқып берді.
"Педагог барша мұғалімдер үшін өзекті әрі "Мұғалімнің мәртебесі" туралы заң жобасын әзірлеу кезінде ескерілуі тиіс бірнеше мәселені атап көрсеткен",– деді Нұрмамбетова.
Мәжілісмен мұғалімнің хатында қозғалған жекелеген проблемаларға тоқталды.
"Дәптер тексергені үшін жалақыға қосылатын үстеменің мөлшері мұғалімнің интеллектуалдық және уақыт шығынына мүлде сәйкес келмейді. Сынып жетекшілігі үшін небәрі 4 мың теңге ғана төленеді. Ал сынып жетекшісінің міндетіне күнделік тексеру, іс-шаралар мен сынып сағаттарын өткізу, оқушыларды музейге, театрға апару, ата-аналар жиналысын ұйымдастыру, ата-аналармен және балалармен жеке-жеке әңгімелесу, сенбіліктер және тағы басқа кіреді", — делінген хатта.
Ал күніне 50 дәптер, оқушылардың жұмыстарын тексергені үшін бар болғаны 3,5 мың теңге қосылады.
"Үстеме ақының қалай есептелетінін түсіну қиын", — деген өскемендік ұстаз.
Сондай-ақ, ол мұғалімдердің көп уақыты қағаз және электронды түрде есеп-қисап дайындауға, жоғары органдар үшін мәліметтер жинауға кететінін ашына жазған. Тіпті ашық айтыла бермейтін мектептердің рейтингі де тиімді жұмыс істеуге кедергі келтіріп қана қоймай, нақты көрсеткіштердің бұрмалауына әкеп соғатынын айтқан.
"Педагогта мұндай рейтинг не үшін қажет деген орынды сұрақ туындайды", — дейді депутат.
Оның айтуынша, рейтинг қуған әрі аттестациядан сүрінбей өткісі келетін мектеп әкімшілігі мұғалімдерді ақылы байқауларға қатысуға мәжбүрлейді. Ал мерзімдік газет-журналдарға күштеп жазу тәжірибесі әлі де жалғасуда.
"Мен бұл хатты шын жүрегіммен жаздым. Мұғалімдердің көбі бұл хатта айтылғандармен келісер еді, мен бұған сенімдімін" деген. Және ол дұрыс айтады", — дейді Нұрмамбетова.
Депутат президенттің тапсырмасымен әзірленетін "Мұғалімнің мәртебесі" туралы заңда барлық өзекті мәселе ескерілуі керек екенін атап өтті.
Әрі қарай оқу: sputniknews.kz, фото-CC0