2020 жылдан бері Қазақстан мен Әзербайжан арасында тауар айналымы 5 есе өсті – Тоқаев

28 октября 2024 2020 жылдан бері Қазақстан мен Әзербайжан арасында тауар айналымы 5 есе өсті – Тоқаев

АСТАНА, 10 наурыз – Sputnik. Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымы 5 есеге жуық – 109 миллион доллардан 529 миллион долларға дейін өсті, деп мәлімдеді Қасым-Жомарт Тоқаев Vesti.az басылымына берген сұхбатында.

"Бұл жағымды қарқын және біз одан әрі көлемді арттыруды жоспарлап отырмыз", - деді мемлекет басшысы.

Қазақстан-Әзербайжан қарым-қатынасы артып келеді, деді президент Тоқаев.

Оның айтуынша, екі мемлекет арасында саяси, сауда-экономикалық, транзиттік-көлік, энергетика, ауыл шаруашылығы, мәдени-гуманитарлық және басқа да салалардағы байланыстар белсенді дамып келеді.

"Менің Бакуге сапарым барысында біз Жоғары мемлекетаралық кеңестің жұмысын бастаймыз және оның бірінші отырысын өткіземіз", - деді президент.

Сонымен қатар, Тоқаев нормативтік-құқықтық база кеңейіп жатқанын айтты.

Соңғы бір жарым жылдың ішінде 40-қа жуық маңызды екіжақты құжатқа қол қойылды.

"Алдағы сапар барысында тағы бір ауқымды құжаттар пакеті қол қоюға дайындалуда. Бұл біздің өзара іс-қимылымызға жаңа қарқын береді", - деді ол.

Бірлескен жобалар

Қазақстан президенті екі ел үшін де, жалпы өңір үшін де маңызды бірлескен ірі жобаларды тізіп атап берді.

"Бұл – Транскаспий халықаралық көлік бағытының (Орта дәліз) өткізу қабілетін кеңейту, Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық байланыс желісін (ТОБЖ) және энергетикалық кабельді тарту, Әзербайжан арқылы мұнай мен уран экспорты, Қазақстаннан Әзербайжан нарығына бидай жеткізу", - деді Тоқаев.

Бірқатар бірлескен бастама екі ел арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға және туристік ағынды арттыруға бағытталған, деп мәлімдеді президент.