Көкшетауда басына темір кіріп кеткен баланы құтқарған дәрігерлер марапатталды

7 ноября 2024 Көкшетауда басына темір кіріп кеткен баланы құтқарған дәрігерлер марапатталды

Көкшетауда басына үшкір темір кіріп кеткен баланы құтқарып қалған дәрігерлер марапатталды, деп хабарлайды Хабар 24.

Конституция күніне арналған салтанатты жиында оларға облыс әкімі арнайы алғыс білдіріп, құрмет көрсетті.

Сондай-ақ, шара барысында аймақтың дамуына үлес қосқан сан саланың өкілдері сыйға бөленді.

Мерекелік жиын алдымен адам жанының арашасы болған дәрігерлерді марапаттаудан басталды.

Он жасар баланың ауыр операциясына қатысқан 3 бірдей медицина маманы көпшілік алдында сый-құрметке бөленді.

"Бұл біздің күнделікті жұмысымыз. Біз үшін әр пациенттің өмірі мен денсаулығы өте маңызды әрі аса қымбат. Тек біз емес, барша дәрігерлер қауымы күн сайын қаншама адамды аман алып қалып жатыр", - деді облыстық көпбейінді аурухананың бөлім меңгерушісі Гүлнәр Жүнісова.

Естеріңізге сала кетейік, Шучинскте басына темір қадалып қалған баланы дәрігерлер аман алып қалды.

Он жастағы бала ауруханаға басына қадалып тұрған темірмен жеткізілген. Дәрігерлер тобы жедел түрде ота жасап, темірді алып шықты.