Бүгін Қазақстанда жаңа мереке тойланып жатыр

20 декабря 2018 Бүгін Қазақстанда жаңа мереке тойланып жатыр

20 желтоқсан – Қазақстанның әскери курьерлерінің төл мерекесі

Қазақстанның фельдъегерьлері алғаш рет кәсіби мерекесін атап өтіп жатыр.

Қазақстанның мемлекеттік фельдъегерь қызметі 1991 жылы желтоқсан айының соңында пайда болды. Ол мемлекет билігінің жоғары органдары мен мемлекеттік басқармаларды, үкіметтік мекемелер мен жоғары әскери командованиелерді байланыстырады.

"Фельдъегерь" сөзі қалай пайда болған?

Фельдъегерьлер — аса маңызды тапсырмаларды орындаушы әскери немесе үкіметтік курьерлер. Бұл сөз немістің Feld – "алаң" және Jäger – "аңшы", "атқыш" деген сөздерінен шыққан. Ашық дереккөздерге сүйенсек, алғашқы әскери курьерлер 1742 жылы Пруссияда пайда болған.

Ресейде фельдъегерлік корпус 1796 жылдың 17 желтоқсанында Павел І императордың бұйрығымен құрылды.

Ұлы Отан соғысы кезінде фельдъегерьлер өз өмірін қауіпке тігіп алдыңғы шепке хат-хабар жеткізіп отырған.

Фельдъегерлер немен айналысады?

Қазақстанда фельдъегерь қызметі Қорғаныс министрлігі мен елдің Қарулы күштері Бас штабын күнделікті хат-хабар, газеттер және журналдармен қамтамасыз етіп отырады. 

Қорғаныс министрлігі қызметіне күнделікті мыңға жуық хат келеді. Әуелі экспедиторлар поштаны қарап, өңдейді де, содан соң фельдъегерьлер тиісті жерге жеткізеді.

Қызықты деректер

Қазақстандық экспедиторлар мен іріктеушілердің көпшілігі – әскери қызметкер әйелдер. Ал фельдъегерьлер арасында ерлер саны басым, деп мәлімет берді Қорғаныс министрлігі.

Хаттар мен поштаны таситын қаптар әдетте 70-80 келі тартады. Ауа райы қолайсыздығына қарамастан оларды гарнизонға жеткізу керек. 

Фельдъегерь қызметі қарамағында франкирлеу машинасы бар. Барлық хат өлшенген соң осы машинадан өтеді. Машина оларға мемлекеттік пошта төлемі белгілерін, қабылданған күнін және тағы басқа мәліметтерді басып шығарады.

Қазіргі заманда фельдъегерь қызметі керек пе?

Фельдъегерьлер жұмыстарының аса маңызды екеніне сенімді. Интернеттің дамып кеткеніне қарамастан, өте маңызды ақпаратты электронды пошта немесе телефон арқылы емес, адамның "өз қолына" беру керек.



Әрі қарай оқу: sputniknews.kz, фото-© CC0 / Gerhard Gellinger