Түркияда 14 мамырда өтетін жалпыхалықтық сайлау қарсаңында Tengrinews.kz тілшісі Түркияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Мұстафа Капуджумен сұхбаттасты. Ол қазіргі президент Режеп Тайып Ердоғанның әл-ауқаты, Түркиядағы ең ірі жер сілкінісінің салдары мен елде өтетін сайлау туралы айтты.
– Жақында Қазақстандағы Түркия дипломатиялық миссиясының басшысы болдыңыз. Еліміз қандай әсер қалдырды?
– Мен 2023 жылы 17 наурызда қызметке кірісіп, 6 сәуірде Президентке сенім грамотасын тапсырдым. Жалпы менің Қазақстанда жүргеніме 1,5 ай болды... Астананы отбасымызбен жақсы көріп қалдық. Жақында Алматыда да болдым, түрік азаматтарының көпшілігі сонда тұрады, сондықтан екі апта бұрын қаладағы іскер топтармен, сондай-ақ отандастарымызбен таныстық.
- Сізге қай қала көбірек ұнады?
– Әр қаланың өз ерекшелігі бар... Мен әлі Ақтауда болған жоқпын, онда да біздің бас консулдығымыз бар. Түркістанда бас консулдық ашуды жоспарлап отырмыз. Сайлаудан кейін Ақтау, Түркістан, Шымкент қалаларын аралауды жоспарлап отырмын.
– Сізді Қазақстанға дипломатиялық өкілдіктің басшысы етіп жіберген кезде Түркия жойқын жер сілкінісі салдарын бастан өткеріп жатқан еді. Зардап шеккен аймақтардағы қазіргі жағдай қандай?
– Жер сілкінісінен кейінгі ең бастысы – баспанасынан айырылған адамдарға көмек көрсету. Қазіргі уақытта оларда уақытша тұру орындары бар, негізінен шатырлар. Біз пәтерлер мен үйлер сала бастадық. Кейбіріне президент кілттерін беріп үлгерді. Түркияға қазақстандық киіз үйлерді де жөнелттік. Олар ыңғайлы. Көпшілік қазақтың киіз үйін жөн көреді, себебі олар суықтан немесе ыстықтан көбірек қорғалған. Қиын-қыстау кезеңде қол ұшын созған Қазақстан халқына алғыс айтамын. Енді мұндай апат қайталанбас деп үміттенемін. Бірақ қандай жағдай болмасын біргеміз және бір халық ретінде бауырластық жолында бір-бірімізге көмектесеміз. Біз екі бөлек мемлекет болсақ та, бір халықтың бөлігіміз. Шын мәнінде, бұл біздің Отанымыз. Біз Түркияда тұрамыз, бірақ өздеріңіз білетіндей тамырымыз осы жерден, Орталық Азиядан тарайды.
– Президент Режеп Тайып Ердоған туралы айттыңыз. Бұған дейін БАҚ-та оның денсаулығы туралы ақпарат тараған болатын.
- Ешқандай мәселе жоқ. Басқалар сияқты, президенттер де шаршайды. Оның денсаулығы жақсы, сайлауалды бағдарламасын бір-екі күнге кейінге қалдырды. Осыдан кейін президент Түркиядағы іс-шараларға қатысып, өзі көпшілік алдына шығып үлгерді, сондықтан бұл тұрғыда ешқандай проблема жоқ. Көптеген болжам бар, бірақ кез келген жаңалықты таратпас бұрын алдымен шенеуніктерден сенімді ақпарат беруін сұраған дұрыс деп санаймыз. Егер жалған ақпарат болса, біз оны түзетуге дайынбыз.
– Түркиядағы сайлауға санаулы күндер қалды. Шетелде, сондай-ақ Қазақстанда түрік азаматтары үшін сайлау учаскелері ашылды. Дауыс беру процесі қалай жүріп жатыр?
– Шетелде дауыс беру 7 мамырға дейін созылды. Дауыс бергендердің бюллетеньдері Түркияға жіберіліп, сол жерде саналады. Мен мұнда (Астанадағы Түркия елшілігінде. – еск.) дауыс бердім. Шетелдегі түрік азаматтары үшін бірыңғай сайлау жүйесі бар. Азамат Еуропада тіркелген болса да, кез келген жерде дауыс бере алады. Мәселен, Англияда тіркелген түрік азаматтары Астанада дауыс берді. Жалпы Қазақстанда сайлау құқығы бар 6100 түрік азаматы тіркелген.
- Қазіргі уақыттағы елдеріміз арасындағы екіжақты қарым-қатынас деңгейін қалай бағалайсыз және Қазақстан мен Түркия үшін болашақтан не күтесіз?
– Бізде мәдениеттен білімге, саудадан қорғаныс саласына дейін өте терең және жан-жақты байланыстар бар. Былтыр біздің басшылар үш рет бас қосты. Саяси деңгейде бізде ешқандай проблема жоқ. Экономикаға келер болсақ, біздің қарым-қатынасымызды кеңейтуге әлеует бар. Болашақта азаматтарымыздың игілігі үшін сауда-экономикалық қарым-қатынасымызды дамытып, жандандыруды көздеп отырмыз. Қазір Түркияда Қазақстаннан барған делегациялар көп. Екі ел арасындағы қарым-қатынас жақсы, бірақ болашақта одан да жақсырақ болады. Мен Түркияның елшісі болғаныма қарамастан, Астанада өзімді үйдегідей сезінемін. Өйткені азаматтар да, шенеуніктер де өте бауырмал. Біз өте қуаныштымыз. Алдағы уақытта халықтарымыздың игілігіне үлес қосамыз деп сенемін.