Тоқаев халықты қолдау шараларының топтамасын дайындауды тапсырды

12 марта 2022 Тоқаев халықты қолдау шараларының топтамасын дайындауды тапсырды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысында геосаяси жағдайдың Қазақстанға тигізетін кері әсеріне төтеп беруге бағытталған қажетті шаралар топтамасы талқыланды.

"Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық талдау негізінде кәсіпорындарды, қажет болған жағдайда халықтың жекелеген топтарын қолдау шараларының топтамасын дайындауды тапсырды. Сондай-ақ биылғы республикалық бюджет қайта қаралды", - делінген Ақорданың хабарламасында.

Президенттің айтуынша, үкімет құрған Дағдарысқа қарсы шараларды үйлестірудің жедел штабы Ресейге салынған санкциялардың Қазақстанның экономикалық салаларына тигізетін әсерін жан-жақты талдауға, жағдайдың қалай өрбитініне қарап шара қабылдауға, сондай-ақ алдағы іс-қимылдардың бірыңғай жоспарын жасауға тиіс.

Мемлекет басшысы үкіметті бұл бағытта шұғыл әрекет етуге және бизнес қоғамдастықпен тығыз байланыста жұмыс істеуге шақырды.

Жиын барысында премьер-министр Әлихан Смайылов, Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов, президенттің экономикалық даму мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі, Реформалар жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары Сэр Сума Чакрабарти және үкімет мүшелері баяндама жасады.

"Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Райымбек Баталов бизнес тарапының ұсыныстарын ортаға салды.

sputnik