"KASE атынан хабарласады": қор биржасы алаяқтардан сақ болуға шақырды

12 марта 2022 "KASE атынан хабарласады": қор биржасы алаяқтардан сақ болуға шақырды

Қазақстан қор биржасы (KASE) құнды қағаздарға ақша салуға үндейтін алаяқтарға сенбеуге шақырды. Кейбіреулер өзін биржа қызметкері ретінде таныстырып, халықты алдауға көшкен.

KASE сауда-саттықты ұйымдастырады. Бірақ биржада баюға көмектесу бойынша ешқандай қызмет көрсетпейді. Қор нарығында тек биржа мүшелері ғана келісім жасай алады.

"KASE ешқашан биржа немесе оның қызметкерлерінің тікелей қатысуымен жеке немесе заңды тұлғаларға биржалық нарықтарда баю үшін өз қызметін ұсынбайтынын ресми түрде мәлімдейді", - делінген ресми хабарламада.

Алаяқтар халықты қалай алдайды

KASE атынан хабарласатын алаяқтар, көбінесе, WhatsApp, Telegram, әлеуметтік желілер мен электронды пошта арқылы байланысқа шығады. Ақшаны құнды қағаздарға салуға ұсыныс жасайды. Жоғары инвестициялық табыс табуға болатынын айтады. Тіпті, кеңес беріп, барлық қызмет жасауға дайын. Ол үшін брокерлік есепшотқа ақша аудару керек екенін жеткізеді. Алаяқтар қосымша қызметтерге ақша сұрайды. Ал "брокерлік есепшотқа" ақша аудырлғаннан кейін ұшты-күйлі жоқ болып кетеді.

Алаяқтардан қалай қорғану қажет

Әрбір биржада жұмыс істейтін брокерде арнайы құжат бар. Ол – брокерлік лицензия. Оны қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі рәсімдейді. Бұдан бөлек, брокердің қаншалықты сенімді екенін компания рейтингісінен білуге болады. Қаржылық көрсеткіштері мен акционерлеріне де баса назар аудару керек. Барлық ақпаратты агенттік сайтынан табуға мүмкіндік бар.

Алаяқтыққа тап болған адамдар қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне +7 (727) 237 10 00 телефоны арқылы хабарласа алады. Ал алданып қалса, бірден құқыққорғау органдарына шағым түсіру керек. Лицензиясыз қызмет белгілері бар ұйымдардың тізімін мына жерден көріп шығуға болады.

sputnik