Тоңазытқыш, компьютер, теледидар мен электр лампалары, шаңсорғыштар қоқыс полигонына түспеуі қажет. Бұл адам өміріне қауіпті металдар шығаратын қалдық, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.
Ақтөбеде Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы, Ғаламдық экологиялық қор, «Тұрақты дамуға ықпал ету» орталығы бірігіп, электр қалдықтарын жинау, тасымалдау, қайта өңдеуді сөз етті. Себебі, заң бойынша компьютер, теледидар мен электр лампалары, шаңсорғыш, тоңазытқыш қалдылдықтары қоқыс полигонына мүлде түспеуі керек. Ал мұның орындалуын экология, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды ресттеу басқармасы, табиғатты қорғау прокуратурасы қадағалауы керек.
«Электронды қалдық проблемасы әлемнің назарында тұр. Себебі, бұл қалдықтарда зиянды заттар бар. Егер дұрыс өңделмесе қоршаған ортаны ластап, адам денсаулығына кері әсерін тигізуі мүмкін. Мәселен, Қазақстанның әр тұрғыны жыл сайын 7,7 келі электронды қалдық тастайды. Ақтөбе облысы тұрғындарының саны белгілі, соны 7,7 келіге көбейтсе, шешімі шығады. Әр аймақта танымдық семинар өткізіп, тұрмыстық техниканы жөндеп, өңдейтін кәсіпкерлер шақырылды. Адамдар істен шыққан техниканы қоқыс жәшігіне салмай, арнайы орындарға тапсыруы тиіс», — деді «Тұрақты дамуға ықпал ету» орталығы директоры Вера Мұстафина.
Маманның айтуынша, тұрмыстық техника қоқыс полигонына мүлде түспеуі керек. Алайда тұрғындар бұл мәліметтен бейхабар.
«Заңды тұлғалардың бәрі тұрмыстық техниканы бір орынға тапсырады. Ал жеке тұлғаларға арнайы тапсыру орны қарастырылуы керек. Мобильді топқа телефон шалып, қажет емес техниканы өткізуге мүмкіндік жасалуы тиіс»,- деді Вера Мұстафина.
Айта кетейік, 2019 жылдың қаңтарынан бастап қабылдау орындары жарамсыз тұрмыстық техниканы ақылы алуы мүмкін. Себебі, қалдық құрамында ауыр металдар, адам денсаулығына зиянды пластикалық бұйымдар бар.
Источник: https://kaz.zakon.kz/4941194-zharamsyz-elektr-b-yymdary-o-ys.html