Инвестиция және даму министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Алматы әуежайында Төреғали Төреәлімен болған оқиға туралы пікір білдірді деп хабарлайды NUR.KZ.
Еске салсақ, әнші ұшақ бортына билетсіз өтіп, сәлден соң қайта шығып кеткен. Сондай-ақ БАҚ-та Төреғали үшін ұшу уақыты да кешіктірілгені хабарланған болатын.
"Сонда кез келген адам, террорист болса да байқатпай, тексеруден өтпей ұшақ бортына өте береді ме?", - деп журналистер Роман Склярға сұрақ қойған.
Айта кетейік, ол пленарлық отырыс кезінде әуе кемесінде орын алған заңбұзушылықты ратификациялау конвенциясы туралы заң жобасын таныстырған болатын.
"Азаматтық авиация комитеті (ААК) арнайы тексеру жүргізіп, ережелер бұзылғанын анықтады. Әуежай қызметкерлері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал қалған мәселе арнайы қызмет өкілдерінің құзырында", - деді Роман Скляр.
Сондай-ақ журналистер "Төреғали Төреәлі ереже бұзғаны үшін жауапқа тартылады ма?" деп сұрады.
"Біздің құзырымызда осындай оқиғаның болуына мүмкіндік берген кінәлілерді ғана жауапқа тартуға болады. Ал шекара және кеден қызметінің мамандары өз уәкілеттілігімен нақты жауап бере алады", - деді министр орынбасары.
Роман Склярдың айтуынша, әнші өзінің ереже бұзып тұрғанын білмеген болуы мүмкін деген болжам айтты.
"Мүмкін біздің сүйікті әншіміз Төреғали бұл ережелер туралы білмеген шығар немесе оларды соншалықты маңызды деп ойламаған болар. Бірақ өз міндетін дұрыс орындамаған уәкілетті тұлғалар қатаң жазаға тартылатын болады", - деп сендірді ол.
©NUR.KZ