Қазақстандықтар сәбилерге ерекше есім ойлап табудан алдына жан салатын емес. Былтырғы жылы ғана Астанада Нұрәлем және Бәйдібэкспо есімді бөбектер дүниеге келсе, желіде тағы бір айрықша есімі бар нәрестенің туу туралы куәлігінің суреті тарап кетті. Ата-анасы оған белгілі футболшы Зинедин Зиданның атын қойыпты. NUR.KZ назарларыңызға ерекше есімді сәбилердің тізімін ұсынады.
Былтырғы жылы Астанада ЭКСПО көрмесінің өтуіне орай, Бәйдібекэкспо есімді сәби дүниеге келген еді. Ерекше есімді баланың ата-анасы сәбилеріне мұндай есімді неге қойғанын да айтып берген еді. Айтуларынша, баланың әкесі түс көріп, ол үйдегі үшінші ұлына Бәйдібекэкспо деген ерекше ат қойыпты.
ЭКСПО уақытында кең тараған тағы бір есім – Нұрәлем. ЭКСПО көрмесіндегі Қазақстан павильонының атының құрметіне елімізде 29 балаға Нұрәлем есімі беріліпті.
Есімі 20 әріптен тұратын оңтүстік қазақстандық Ақпантоқпантұрарқожа Жанбеков те есімі ерекше қазақстандықтардың қатарында жүр. Оның жеке куәлігіндегі есімін 2013 жылы белгісіз біреулер суретке түсіріп, желіге таратып жіберген еді.
Айта кетерлігі, әлеуметтік желіде күні кеше ғана тағы бір айрықша есімі бар баланың аты тарап кеткен еді. Желіде тараған суретке сәйкес, оның есімі Зинеден Зидан Хамидоллаұлы екенін анық көруге болады. Сондай-ақ, оның Қазақстан азаматы екені, тіпті, Атырау өңірінде туғаны жазылып тұр.
Жалпы, былтырғы жылы Қазақстанда кеңінен таралған есімдердің қатарында – Айзере мен Әлихан есімдері тұрған еді.
Сондай-ақ, қазақстандықтар Айару, Айша, Раяна, Аяла, Кәусар, Медина, Айсұлтан, Санжар, Алдияр, Ерасыл, Арлан, Арсен, Нурислам есімдерін жиі қоятын болып шыққан-ды.
©NUR.KZ