2019 жылғы атаулы күндер мен мерейтойлар

14 декабря 2018 2019 жылғы атаулы күндер мен мерейтойлар

2019 жылы Қазақстанда еліне еңбегі сіңген көптеген мемлекет және қоғам қайраткері мен ақын-жазушы, ғалымдардың мерейтойы аталып өтпек

ит жылы босағамыздан әрі аттап, жаңа 2019 жылдың есік қағуына санаулы күндер ғана қалды. 2018 жылы барша халық Астананың 20 жылдығы мен ұлттық валютаның 25 жылдық мерейтойын, Бұқар жыраудың 350 жылдығы, Құрманғазының 200 жылдығы, қазақтың әуезді әуенін Парижде әуелеткен Әміре Қашаубаевтың 130 жылдық мерейтойын атап өтті. Ал 2019 жылы Қазақстанда қандай ерекше даталар аталып өтпек? Оны Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз.

1 қаңтар күні қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі, график-суретші және әйгілі кескіндемеші Әбілхан Қастеевтің туғанына 115 жыл толады. Сондай-ақ, бұл күні Қазақ КСР халық әртісі, ҚР мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер, әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің туғанына 110 жыл болады. Тағы бір қазақ АКСР-інің халық әртісі, актер, ұлттық театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі Елубай Өмірзақов туған. Жаңа жылдың алғашқы күнінде актердің 120 жылдық мерейтойы.

10 қаңтарда ұлтымыздың рухани айнасы, еліміздің әдеби және мәдени өмірінен жан-жақты хабар тарататын "Қазақ әдебиеті" газетінің алғашқы саны жарық көрді. Әр апта сайын жұма күні шығатын газеттің келер жылы 85 жылдық мерейтойы аталып өтеді. 

13 қаңтарда Алматы қаласындағы Абай атындағы опера және балет театрының ашылғанына 85 жыл толады. Бұл — Қазақстанда алғаш рет ашылған кәсіби музыкалық театр. Халықтың мәдени деңгейін көтеретін көркем шығармалар қойылымдарын қойып, ұлттық және халықаралық мәдени мұраларды насихаттайды. Театрдың шығармашылық ұжымында атақты сахна шеберлері мен есімдері әлемге әйгілі жас дарында лауреаттар жұмыс істейді.

Тағы оқыңыз: 2019 жылы қазақстандықтар қанша күн демалады?

15 қаңтарда Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің ашылғанына 85 жыл толады. 180 сала бойынша мамандар дайындайтын білім ордасы 2012 жылы әлемнің 390-шы үздік университеті болды. Ал Қазақстандағы "Рейтинг.kz" орталығы жүргізген зерттеу қорытындысы бойынша, әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті үздік бестіктің құрамына кірді. Алғаш университет басшысы Олихов Фёдор Трофимұлы болды. Бұл ЖОО-да Зейнолла Қабдолов, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Қадыр Мырза Әлі, Дулат Исабеков, Тұманбай Молдағалиев сынды ақын-жазушылар білім алған.

Ақпан

4 ақпанда әдебиет зерттеуші ғалым, ақын, драматург, филология ғылымдарының докторы, профессор, халық жазушысы Әбділдә Тәжібаевтың 110 жылдық мерейтойы. Ол абайтану мәселесіне белсене араласып, бас ақынның өлеңдерінің көркемдік ерекшеліктері мен шеберлігі тақырыбына тоқталған "Абай және қазақ әдебиеті", "Абай және қазақ совет поэзиясы" сынды мақалалар жазды. Бұдан өзге "Өмір және поэзия", "Қазақ драматургиясының дамуы мен қалыптасуы", "Жылдар, ойлар" т.б. зерттеу еңбектерін жазған.

15 ақпан күні қазақтың әйгілі актері әрі режиссері, КСРО халық әртісі Шәкен Айманов дүниеге келді. 2019 жылы марқұмның 105 жылдық мерейтойы. 1933 жылдан бастап қазақ драма театрының құрамына қабылданып, осы театр сахнасында 20 жылдай еңбек еткен. 1951 жылдан бастап театрдың бас режиссері қызметін атқарды. Ол Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік драма театрының сахнасында қазақ драматургиясының Ақан сері, Қобыланды, Қодар, Керім ("Абай"), Алдар Көсе, Исатай (Жансүгіров, "Исатай — Махамбет") бейнелерін, әлем драматургиясынан Кассио және Отелло (Шекспир, "Асауға тұсау"), Хлестаков (Гоголь, "Ревизор"), Кривенко (Чирсков, "Жеңімпаздар"), Гельпак (Ф. Вольф, "Профессор Мамлок") бейнелерін сомдады. Бұдан өзге әртүрлі жылдары "Біздің сүйікті дәрігер", "Атамекен", "Алдар көсе" және "Атаманның ақыры" фильмдерін түсірді.

26 ақпан күні ядролық жарылысқа қарсы халықаралық "Невада-Семей" қозғалысы, қоғамдық-саяси ұйымының құрылғанына 30 жыл толады. Халық барынша қолдаған бұл қозғалыс ядролық жарылыстарға қарсылық білдіріп, әлемдегі ядролық қауіпті толықтай жоюды өзіне мақсат тұтты. Ұйымның бөлімшелері Қазақстан қалаларында ғана емес, Ресей, АҚШ, Италия, Жапония және Түркия елдерінде құрылған. Осы қозғалыс арқасында БҰҰ БА-ның 53-сессиясы "Қазақстандағы Семей өңірі адамдары денсаулығы мен экологиясын сауықтыру және экономикасын дамыту мақсатындағы халықаралық ынтымақтастық пен іс-қимылды үйлестіру" қарарын қабылдады.



Әрі қарай оқу: sputniknews.kz,