II Елизавета қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады

12 декабря 2018 II Елизавета қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады

  

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Қазақстанның Тәуелсіздік күніне орай шет мемлекет басшыларынан құттықтау жеделхаттары келіп түсті деп хабарлайды Ақорда.

Америка Құрама Штаттарының Президенті өз елінің және жеке өз атынан Қазақстан халқын Тәуелсіздіктің 27 жылдығымен құттықтады.

"АҚШ 1991 жылы Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш рет мойындаған кезден бастап, біздің елдер екіжақты байланыстарды нығайту және кеңейту бойынша жүйелі жұмыс істеді. Сіздің Вашингтонға осы жылдың қаңтар айындағы сапарыңыз елдеріміз арасындағы осы жылдар ішінде қалыптасқан қарым - қатынастарды ілгерілетуге және нығайтуға жаңа серпін берді", - делінген жеделхатта.

Дональд Трамп Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан ядролық қаруды таратпау ісінде көшбасшы және жер бетіндегі бейбітшіліктің жақтаушысы болғанын атап өтті.

"Мен біздің тығыз ынтымақтастығымызды одан әрі жалғасуын күтемін. Сіздерге және Қазақстан халқына алдағы жаңа жылда табыс пен амандық тілеймін", - делінген АҚШ Президентінің құттықтауында.

Ұлыбритания патшайымы II Елизавета Нұрсұлтан Назарбаевты және Қазақстан халқын жақындап келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтап, барлығына амандық пен табыс тіледі.

"Мен Сіздердің ұлттық мерекелеріңізге орай өздеріңізге ыстық тілектерімді жолдаймын. Қазақстан халқына келер жылы бақыт пен амандық тілеймін", -деген ол жеделхатта.

Өз құттықтау жеделхаттарында Сауд Арабиясының Королі Салман бен Әбдел Әзиз Әл Сауд пен Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасы Мұхаммед бен Салман бен Әбдел Әзиз Әл Сауд та Қазақстан халқына өркендеу мен одан әрі даму тілеген. Сондай-ақ олар барлық салаларда екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделілік білдірген.

Одан бөлек, Рим Папасы Франциск та Нұрсұлтан Назарбаевты Тәуелсіздік күнімен құттықтап, барша Қазақстан халқына бейбітшілік пен гүлдену тілегімен жылы сөздер жолдады.

Ал Марокко королі Мұхаммед VI өзінің жеделхатында Қазақстан мен Марокко арасындағы қалыптасқан қарым-қатынастарды жоғары бағалап, екі мемлекет халықтарының мүддесі үшін ынтымақтастықты нығайту жөніндегі жұмысты жалғастыруға ниет білдірді.

Сондай-ақ, Куба Республикасы Мемлекеттік кеңесінің және Министрлер Кеңесінің төрағасы Мигель Диас-Канель, Түркіменстан президенті Гурбангулу Бердімұхамедов Елбасын және Қазақстан халқын алдағы мерекемен құттықтады.

 

источник: nur.kz, фото - с сайта